Қазақстанда барлық әкімді айырбастамай, ештеңе өзгермейді – депутат

Дәурен Ерболат

Оның орнына халыққа жаны ашитын білікті басшыларды қою керек

Фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов елімізде барлық облыс әкімін орнынан алуды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттың пікірінше, жаңа Қазақстан әділетті соттан басталуы керек. Егін егіп, мал өсіріп, халықты асырап отырған адамдарға жер берілуі шарт.

Бұл ретте Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан соң депутат Берік Дүйсенбинов журналистерге «Өскеменге барсаң, жердің бәрі Даниал Ахметовтікі» деген мәлімдемесіне қатысты түсінік берді.

Аты аталған шенеуніктер жиынтық образ болып саналады. Осы адамдардың артына 30-40 адам қоса берсек болады. Бізде 90% әкім өз орнында қалды. Бұл мәселе әкімдердің бәріне қатысты. Кеше ғана 800 мың доллар парамен Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев ұсталды. Елге қызмет етуге, халықты ойлауға, оның қамын жеуге тағайындалған әкім осылай істесе, не сұрайсыздар? Менің ойымша, әкімдердің бәрін айырбастау керек! Елдің ішінде халыққа жаны ашитын азаматтар көп. Алайда бізде әкімдердің бәрі өз орнында отыр. Сондықтан оларды айырбастамай, ештеңе өзгермейді, - деді депутат Мәжіліс отырысынан соң.

Сөз соңында ол өзінің Мәжілісте билікке халықтың мұңын жеткізуге міндетті екенін, сондықтан ештеңеден қорықпайтынын айтты.