Кездесуде келіссөздердің нәтижелері мен маңызды аспектілері қаралды
Ташкент қаласындағы Орталық Азия халықаралық институтында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапарының қорытындысына орай Өзбекстан-Қазақстан Стратегиялық серіктестік пен одақтастықты дамыту перспективасына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шараға Қазақстан жағынан Өзбекстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елші Бейбіт Атамқұлов, Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов пен жетекші сараптамалық орталықтардың сарапшылары қатысты. Өзбекстан жағынан жиында осы елдің Сыртқы істер, Инвестициялар және сыртқы сауда министрліктері, Президент жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты, Орталық Азия халықаралық институты мен Өзбекстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері болды.
Конференция барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында Ташкентте өткен жоғары деңгейдегі екіжақты келіссөздердің нәтижелері мен маңызды аспектілері талқыланды.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияда негізгі тақырыптары қазіргі жаһандық және өңірлік үрдістер контексіндегі саяси диалог, сондай-ақ экономика, көлік, энергетика және су ресурстары салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа стратегиялық перспективалары болды.