Жеңімпаз атанған 50 қызметкердің әрқайсысы 6 млн теңгеден аса сыйақы алады
Биылғы «Үздік ғылыми қызметкер» байқауы жеңімпаздарының есімдері белгілі болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл байқауда ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының 50 ғалымы жеңімпаз атанған. Олардың әрқайсысы 2 мың АЕК (6 млн 360 мың теңге) көлемінде сыйақы мен куәлік алады.
Министрлік екінші жыл қатарынан еліміздің үздік ғалымдары үшін сыйақы тағайындады. Конкурсқа қатысуға өтінімдер осы конкурс үшін арнайы құрылған және автоматты түрде 9 өлшемшарт бойынша балдары бар ақпараттық жүйе арқылы қабылданды. Бұл байқаудың ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз етті. Ғылыми жетістіктерді бағалау критерийлері ғылыми және сараптамалық қауымдастықпен бірге жасалды.
Байқаудың барлық қатысушысы өтінім беру кезеңінде өз балдарын көре алды. Оларды комиссия қарады және сараптамалық топтар ұсынылған құжаттардың бекітілген критерийлерге сәйкестігін секцияларда тексерді. Комиссия мен сарапшылар тобының құрамында жетекші ғалымдар, тәуелсіз сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, жас ғалымдар кеңесінің мүшелері жұмыс істеді.
Конкурсқа қатысу үшін барлығы 7 бағыт бойынша 468 өтінім келіп түсті. Конкурсқа қатысушылардың арасында жаратылыстану, инжиниринг және технологиялар, медицина және денсаулық сақтау, әлеуметтік және гуманитарлық, ауыл шаруашылығы және ветеринария, әскери және Ұлттық қауіпсіздік ғылымдары болды. Сарапшылар ұсынылған материалдар мен құжаттардың таңдалған көрсеткіштеріне сәйкестігін растады немесе растамады.
2021 жылғы 2 қарашадағы №544 бұйрығымен бекітілген «Үздік ғылыми қызметкер» жыл сайынғы сыйлығын беру қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, ғылым саласындағы уәкілетті орган конкурс нәтижелерін қайта қарау үшін апелляциялық комиссия құрды.
2022 жылғы «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын беру жөніндегі апелляциялық комиссияның қарауына барлығы 126 өтініш келіп түсті. Барлық өтінімдерді апелляциялық комиссия мүшелері Республикалық конкурстық комиссия бекіткен «Үздік ғылыми қызметкер» жыл сайынғы сыйлығын беруге үміткердің ғылыми жетістіктерін бағалаудың сапалық және сандық көрсеткіштеріне сәйкес алқалы түрде қарады.
Өтініштерді қарау нәтижелері сараланған тізім түрінде рәсімделді және Республикалық конкурстық комиссияның қорытынды отырысына жіберілді. Нәтижесінде комиссия отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан 50 ғалымға «Үздік ғылыми қызметкер-2022» сыйлығын беру туралы шешім қабылдады. Жеңімпаздардың тізімін ведомствоның сайтынан білуге болады.