×

Қазақ ақындарының өлеңдері өзбекше жинақта жарық көрді

100-ге жуық өлең өзбек тіліне аударылып, баспадан шықты

 Дастан Жұмабекұлы 28.12.2022 | 10:13
фото: yuz.uz

Бір топ жас ақынның өлеңдері өзбекше «100 шеър» атты жинақта жарық көрді.

Қазақстан мен Өзбекстан Жазушылар одағы арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандумда қазақ пен өзбек шығармашыл жастарының туындыларын аудару, басып шығару және бірлесіп таныстыру қарастырылған.

Осыған орай Өзбекстан Жазушылар одағының халықаралық байланыс және көркем аударма бөлімінің меңгерушісі Рустам Мусурманов пен «Ёшлик» журналының бас редакторы Нурилла Чориевтің атсалысуымен 25 жас қазақ ақынының жалпы саны 100-ге жуық өлеңі өзбек тіліне аударылып, баспадан шықты.

Ташкенттегі Жазушылар одағында Қазақстаннан келген шығармашыл делегацияның қатысуымен «100 шеър» жинағының тұсаукесері өтті. Кездесуде«Әдебиет әлемі» орталығы «Жас қалам» бірлестігінің жетекшісі Мұратхан Шоқан мен Өзбекстанның халық ақыны Сирожиддин Сайид жинақты іс-шараға қатысушыларға таныстырды.

Салтанатты іс-шарада екі халықтың ұлы тұлғалары Абай Құнанбайұлы мен Әлішер Науаи, Мұхтар Әуезов пен Айбек, Сәбит Мұқанов пен Ғафур Ғұлам және басқа да көптеген ақын-жазушылардың мұрасы ортақ байлығымыз екені ерекше атап өтілді.

Сондай-ақ іс-шараға жиналғандарға ақындар өлең оқып, жас қазақ ақындарының өлеңдері аударылған «100 шеър» атты жаңа жинақ әдебиет сүйер қауымға табыс етілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама