«Бастапқы жарна болмайды». Əскерилер үшін ипотекалық бағдарлама әзірленіп жатыр
Мемлекеттік органдар бағдарламаға қанша қаржы керектігін есептеуде
Қазақстанда әскери қызметшілерге бастапқы жарнасыз ипотекалық бағдарлама әзірленіп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылды.
«Отбасы банк» АҚ əскери қызметшілердің тұрғын үйді сатып алуға бастапқы жарнасының сомасын төмендету үшін бастапқы жарнасыз ипотекалық несие беру бағдарламасын əзірлеп жатыр. Президент әкімшілігінің тапсырмасы бойынша Үкімет тұрғын үй төлемін жүзеге асыру бойынша қолданыстағы тəсілдерді қайта қарауды жүзеге асырады, - деп жазылған хатта.
Үкімет басшысы бүгінде тұрғын үй төлемін жүзеге асыруға қажет қаржы нақтыланып жатқанын атап өтті.
«Мүдделі мемлекеттік органдар қатарынан жұмыс тобы (Қаржы министрлігі, ҰЭМ, БП, МКҚ, ҰҚК, ҚМА, СЖҚА, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ТЖМ, ПМК) қажет қосымша қаржыландыру көлемін бағалау, сондай-ақ тұрғын үй төлемінің қолданыстағы тетігін жетілдіру, оның ішінде олардың мөлшерін орташаландыруға бағытталған кешенді шараларды дайындау үшін тұрғын үй төлемінің қолданыстағы тəртібіне жəне бар проблемалық мəселелерге талдау жүргізіп жатыр», - деп жазылған премьер-министрдің жауабында.