Тыва билігі соғыста қаза тапқандардың отбасына тегін отын беріп жатыр
30 жастағы марқұмның артында 5 баласы жетім қалған
Тываның Ауыл шаруашылығы министрлігі Украинадағы соғыста қаза тапқан Саян Монгуштың отбасына отын түсіріп бергені жөнінде есеп берді. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.
Айта кетсек, 30 жастағы марқұмның артында 5 баласы жетім қалған.
Кызыл орман шаруашылығының қызметкерлеріне құрбан болған азаматтың отбасына отын ағашы түрінде шұғыл көмек көрсеткендері үшін алғыс айтамыз, – делінген министрлік сайтындағы хабарламада.
Бірақ ведомостводағылар қаза тапқан жауынгердің отбасы нақты қанша ағаш алғанын ашып айтпады.
Жарияланым жергілікті тұрғындардың айтарлықтай ашу-ызаларын тудырды. Осыдан кейін әкімшілік парақшадағы комментарийлерді өшіріп тастады. Сонымен бірге, көп балалы әкенің қалай соғысқа алынып жүргені түсініксіз болып қалды.
Тыва – Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгудың Отаны. Республикада қазір Шойгуды осы заманның қаһарманы етіп жырлайтын дастандар да жеткілікті. Ол бұрынғы халық аңыздарының ізімен жазылып, сол заманнан бастау тартып, министрдің ата-бабаларынан бері қарай, өзіне дейін жеткізіледі.
Тыва – Ресейдегі халқы ең кедей тұратын аймақтардың бірі. Мұндағы халықтың 34,1 пайызы өте кедей тұратындар қатарына жатады. 1921 жылдан 1944 жылға дейін дербес, тәуелсіз мемлекет болған. Ал 1944 жылы қазан айында РСФСР құрамына кірген.
Өңір басшысы Владислав Ховалыг мобилизацияға ілінген азаматтар отбасындағы әр бала үшін 5 мың рубльден, 1 тірі қойдан, сондай-ақ 50 келі ұн, 2 қап картоп және қырыққабат апарып беруді тапсырды.