Қазақстандықтар тіркеу орнын ауыстырғанда автоматты түрде əскери есепке қойылады
Бүгінде Қорғаныс және Цифрлық даму министрлігі тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр
Қазақстанда тұрғындар тіркеу орнын ауыстырғанда автоматты түрде əскери есепке қойылатын болады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайыловтың Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылды.
Хатта жергілікті əскери басқару органдарын жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер базасымен интеграциялау есебінен азаматтарды əскери есепке қою жəне одан шығару жөніндегі мемлекеттік қызмет Қазақстан ішінде орын ауыстыру кезінде цифрлық форматта көрсетілетіні жазылған.
Әскери есепке алу орны туралы мəліметтер пайдаланушының жеке кабинетінде көрсетіледі. Бүгінде Қорғаныс министрлігі Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігімен бірлесіп, азаматтар тіркеу орнын ауыстырған кезде автоматты түрде əскери есепке қоюды іске асыру жəне осы көрсетілетін қызметті Мемлекеттік қызметтер тізілімінен алу бойынша іс-шаралар қабылдап жатыр, - деп жазылған Үкімет басшысының жауабында.