Halyq Uni логотип
×

Кәріз жүйесін салуға 403 млрд теңге қарыз алынады

Жоба келесі жылы іске асырыла бастайды

 Дәурен Ерболат 27.12.2022 | 14:05
Кәріз жүйесін салуға 403 млрд теңге қарыз алынады
Фото: kislorod.life

Ірі қалаларда кәріз-тазарту құрылысын салуға халықаралық банктерден 403 млрд теңге қарыз алынады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстандағы 89 қаланың 27-сінде кәріз-тазарту құрылысы жоқ, ал 41 қалада тозу деңгейі 60%-дан асып кеткен. Ал Сарыағаш, Атырау, Форт-Шевченко қалаларында жобаларды іске асыру басталған.

2023 жылы Ақтау, Ленгер және Шымкентте 3 жобаны жүзеге асыруға қаражат қарастырылған.

Қалған 62 қала бойынша министрлік қаржыландырудың 2 тәсілін әзірледі. Біріншісі – халықаралық қаржы ұйымдарының қарызын мемлекеттік кепілдікпен тарту. Аталмыш тәсіл халық саны 45 мың адамнан асатын 26 ірі қалада кәріз-тазарту ғимарттарының құрылысына қолданылады. Екіншісі, республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер есебінен іске асырылады. Бұл тәсіл халық саны 45 мың адамнан аспайтын 36 шағын қалада жүзеге асатын жобаларға қатысты, - деді Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында.

Халықаралық қаржы ұйымдарының қарызы 15 жылға беріледі. Кәріз-тазарту жүйесінің құрылысы 2023-2028 жылдар аралығында жүргізіледі

Халық саны 45 мың адамнан асатын 26 ірі қаладағы жобаларды іске асыру үшін шамамен 403 млрд теңге керек, - деді министр.

Қарызды қайтару үшін 2 әдіс қолданылады: тариф және республикалық әрі жергілікті бюджет субсидиялары.

Республикалық бюджеттен бөлінетін субсидиялар көлемі қарыз бойынша негізгі борыштың жалпы сомасынан аспайды. Бұл тетік тарифтің кезең-кезеңімен өсуін қажет етеді. Бұл мәселе президенттің «Инвестицияның орнына тариф» жаңа тарифтік саясаты жөніндегі тапсырмасы аясында пысықталып жатыр, - деді ведомство басшысы.

Қайырбек Өскенбаев халық саны 45 мың адамнан аспайтын 36 шағын қалада жобалар республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер есебінен іске асырылатынын атап өтті. Жобалардың болжамды құны – 76 млрд теңге.

Министр жобалардың түпкілікті құны жобалық-сметалық құжаттама әзірленгеннен кейін белгілі болатынын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама