Лас суды өзен-көлдерге ағызуға мәжбүрміз – премьер-министр
Үкімет басшысы Қазақстандағы тозығы жеткен кәріз жүйесі туралы айтты
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қазақстандағы тозығы жеткен кәріз жүйесін жаңартуды жандандырып, халықаралық тәжірибені зерделеуді тапсырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Премьердің айтуынша, Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында кәріздік-тазарту құрылысына және оларды жаңғырту жұмыстарына көңілі толмайтынын айтып, әділ сынға алған.
«Жоспарлау және қаржыландыру жұмыстары кешігіп жатыр. Бүгінде еліміздегі кәріздік-тазарту құрылыстарының тозу деңгейі 60%-дан асып кетті, ал кейбір қалаларда 90%-дан асады. Олардың қатарында Көкшетау, Семей, Қонаев, Арқалық және басқа да қалаларды атауға болады», - деді премьер-министр.
Сондай-ақ ірі қалаларда кәріздік жүйелер өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған. Олар әбден ескірген.
Сарқынды судың көлемі де жыл сайын көбейіп келеді. Оларды тазарту қиындап барады. Резервуарлар шамадан тыс толып кетіп, лас суды өзен-көлдерге ағызуға мәжбүр болған жағдайлар да бар. Сондықтан, бұл мәселенің маңызы өте зор, - деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы әрбір жобаны іске асыруды қатаң бақылауда ұстау керегін атап өтті.
«Біріншіден, Индустрия министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, 1 айда әрбір жобаны іске асыру кестесін бекітсін және олардың орындалу барысы туралы Үкіметке тоқсан сайын хабарлап тұрсын. Жобаларды іске асыру мерзімдерін оңтайландыру жағын тағы да қарап шығу керек.
Екіншіден, өңір әкімдері кәріздік-тазарту құрылыстарының жобасын уақтылы іске асыру үшін қажетті техникалық құжаттамаларды жедел әзірлеуді және бекітуді қамтамасыз етсін. Өңірлер халықаралық қаржы ұйымдарымен жұмысты жандандыруы қажет.
Үшіншіден, кәріздік-тазарту құрылыстарының қалдықтарын қайта өңдеу мәселесіне назар аударғым келеді. Дамыған елдерде қалдықтардан электр энергиясын, биогаз және тыңайтқыштарды алу технологиялары көптен қолданылып келеді. Бізде де тәжірибе бар – Шымкентте қалдықтар электр энергиясын өндіру үшін қайта өңделеді. Осындай тәсілдерді кеңінен тарату керек», - деді премьер-министр.
Әлихан Смайылов Экология министрлігіне Индустрия министрлігімен бірлесіп, екі айда халықаралық тәжірибені зерделеуді және тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды.