Орталықта мемлекеттік қызметтерді жылдам және сапалы алу үшін қажетті қызмет көрсету аймақтары бар
Астанада азаматтар үшін ыңғайлы және заманауи стандарттарға сай Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Facebook-тегі парақшасына жазды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Министрдің айтуынша, жаңадан қолданысқа берілген Халыққа қызмет көрсету орталығында келушілердің мемлекеттік қызметтерді жылдам және сапалы алулары үшін қажетті қызмет көрсету аймақтары бар. Атап айтқанда, жылдам қызметтер, өзіне-өзі қызмет көрсету, бейне-кабиналар және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеке бұрыштар жасақталған.
Жаңа ХҚКО-да постаматтардың болуы ерекше қуантты. Ол арқылы клиенттер дайын құжатты кез келген ыңғайлы уақытта ала алады. Постаматтар тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде жұмыстан кеш босайтын азаматтарға тиімді. Жаңа форматтағы осындай Халыққа қызмет көрсететін орталықтардың бүкіл еліміз бойынша ашылып жатқаны қуантады. Азаматтардың мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы әрі жедел алуы үшін тиісті жағдайларды жасайтын боламыз, – деп жазды Бағдат Мусин.
Сондай-ақ ведомство басшысы келесі жылы осындай 50 жаңа Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылатынын мәлімдеді.