Қазақстандық кәсіпкерлер Украинаға 40-тан астам генератор жеткізді

Халық үні

Қазір Украина астанасында қуатпен қамту жағы қиындап тұр

Фото: The Associated Press/Emilio Morenatti

Қыс кезінде жарық пен жылудан тарыққан Украинаға әлем елдері әлі де болысып жатыр. Осы аптада Дания, Грузия мен Израиль Киевке гуманитарлық көмек ретінде генераторлар жіберді.

Қазір Украина астанасында қуатпен қамту жағы қиындап тұр. Жалпы ел аумағы бойынша электр энергиясының тапшылығы 50 пайыздан асады. Салдарынан миллиондаған тұрғын үй жылу, жарық және сусыз отыр. Жылға жуық созылған қарулы қақтығыс салдарынан Украинаның энергетикалық нысандары қатты зақымданғаны белгілі.

Сондықтан ел аумағы бойынша жылу мен жарық тапшы. Қыс кезінде жылуға тарыққан Украинаға көмек жөнелткендер қатарында Қазақстан да бар. Біздің елдің кәсіпкерлері елшіліктің көмегімен қырықтан астам генератор жеткізді.

«Қазақ бизнесі бұл генераторларды қайырымдылық көмек аясында Украинаға берді. Құрылғылардың қуаты 50-ден 300 киловатқа дейін жетеді. Генераторлар Украинаның жылудан қатты қиналып отырған аудандарына жеткізілмек»,- деді қазақстандық компанияның басшысы Әлішер Тәжин.