Halyq Uni логотип
×

Дінде жануардың ағзасын адамға салуға рұқсат берілген бе? – ҚМДБ жауабы

Қазіргідей медицинаның, ғылым мен технологияның едәуір дамыған кезеңінде жануарлардың ағзаларын адамға транспланттау таңсық дүние емес

 Халық үні 26.12.2022 | 23:21
Дінде жануардың ағзасын адамға салуға рұқсат берілген бе? – ҚМДБ жауабы
фото: cursorinfo.co.il

Заман ағымына сай технологиялар жаңару үстінде. Осы жаңғыру кезеңінде медицинаның да үлкен жетістіктерге қол жеткізгені белгілі. Қазір жүрек трансплантациясынан бөлек, қаншама ағза мүшелерін ота арқылы ауыстыра береді. Бастысы, ағзаңыз қабылдаса болғаны. Тіпті адам денесіне жануарлардың да мүшесін салу жағдайы жиі тіркеліп жатыр. Экспресс К тілшісі бұның дұрыс-бұрыстығын білу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жүгінді. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының үкіміне жүгінсек, әралуан түрге жататын тіршілік иелерінің ағзасын немесе тінін бір түрден екінші түрге ауыстыру медицинада ксенотранспланттау деп аталады. Қазіргідей медицинаның, ғылым мен технологияның едәуір дамыған кезеңінде жануарлардың ағзаларын адамға транспланттау таңсық дүние емес. Бастысы ксенотранспланттауда еті желінетін және желінбейтін жануарлардың ағзаларын адамға ауыстыру деген екі түрлі ұғым барын есте ұстасаңыз болғаны.

Яғни ғалымдар еті желінетін жануарлардың ағзасын адамға трансплантацияуға рұқсат береді. Тек шариғат бойынша бауыздалуы тиіс әрі оның ағзасының адамға нақты пайдасы тиюі шарт. Өйткені бұл емделудің бір әдісіне жатады.

Ал еті желінбейтін жануарлар ағзасын салуға тыйым салынған. Бірақ қатты зәрулік немесе одан басқа балама жол табылмаса трансплантациялауға болады. Бастысы бірінші талаптағыдай барлық әрекет шариғат бойынша жасалуы керек. Бұл санатқа негізінен өлексе және шошқа секілді таза емес жануарлар жатады. Яғни еті желінбейтін жануар ағзасы көмектесе алатындай жағдайда ғана адамдар мына ережеге ерекше назар аударуы тиіс:

Зәрулік жағдайы болса, яғни науқастың өмірін сақтап қалудың жалғыз жолы осы болса;

Одан басқа таза баламасы болмаса;

Сенімді әрі білікті медицина мамандарының осы трансплантталған ағзаның адамға пайдасы тиеді деген шешімі болуы шарт.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама