Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда кәріз құбырының 90%-ы тозған – сенатор

Қаладағы нысандарға тексеріс жүргізу керек

 Дәурен Ерболат 26.12.2022 | 15:15
Қазақстанда кәріз құбырының 90%-ы тозған – сенатор
Фото: proekt-sam.ru

Бүгінде елімізде кәріз құбырының 90%-ы тозған. Бұл туралы Сенат депутаты Ольга Булавкина айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сенатор Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында экологиялық қауіпсіздік мәселесін көтерді.

Қазақстандағы кәріздерді тазарту қондырғылары өткен ғасырдың 50-жылдарында салынып, пайдалануға берілген. Олар содан бері жаңартылған жоқ. Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауылындағы тазарту құрылысының жұмыс істемегеніне 10 жылдан асып кетті. Бүгінде тазарту құрылысының орнында қирандысы ғана қалды. Аудан орталығының шайынды суы тікелей Күршім өзеніне, одан әрі ерекше мемлекеттік маңызы бар трансшекаралық Ертіс өзеніне құйылады, - деді Ольга Булавкина.

Ол бұл мәселе бүкіл Қазақстан үшін өзекті екенін жеткізді.

«Мысалы, Таразда кәріз тазарту қондырғысы мүлде салынбаған. Онда уақытша тұндырғыштар арқылы қалалық ағынды су бірден сүзгі алаңына төгіледі. Ал тұндырғышқа толған ағын су іргелес Костөбе және Жамбыл ауылдарындағы арнаға құйылады. Сөйтіп, қоршаған орта зиянды шығарындымен ластанып жатыр», - деді депутат.

Сондай-ақ сенатор Көкшетау, Екібастұз, Семей және Риддердегі кәріз құбырының 90%-ы тозғанын атап өтті. Оның пікірінше, аталған мәселе уақытында шешілмесе, салдары ауыр болуы мүмкін.

«Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және эпидемиялар мен жұқпалы аурулардың туындау қаупін болдырмау үшін қалалар мен аудандардың кәріз тазарту құрылысының объектілерін жағдайы өте ауыр инфрақұрылым объектілерінің аудиті тізбесіне енгізу қажет. Тазарту құрылыстарын салу, жаңғырту және реконструкциялау мәселелерін шешу үшін кәріз тазарту құрылыстарын жобалау кезінде сарқынды суды тазартуға арналған жоғары технологиялық заманауи жабдықты пайдалануды ескеріп, бірыңғай жүйелі тәсілді әзірлеудің маңызы зор», - деді Ольга Булавкина.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама