Halyq Uni логотип
×

Автоматтандырылған дактилоскопиялық ақпараттық жүйені іске қосу кейінге қалдырылды

Бюджетте жүйені қаржыландыруға қаражат жеткілісіз

 Дәурен Ерболат 26.12.2022 | 12:44
Автоматтандырылған дактилоскопиялық ақпараттық жүйені іске қосу кейінге қалдырылды
көрнекі фото: Halyq Uni

Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды, деп хабарлады Halyq Unі тілшісі.

Нәтижесінде заң жобасы Мәжіліске қайтарылып, құжатқа түзетулер енгізілді.

Заң жобасындағы нормалар көптеген саладағы мәселелерді шешуге бағытталған: өңірлердің қаржылық дербестігін одан әрі арттыру үшін салық түсімдерінің жекелеген түрлерін жергілікті бюджетке беру.

Сондай-ақ түзетулер мемлекеттік сатып алудағы бәсекелестік ортаны кеңейтуге және саладағы жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Құжат монополия операторларын реттеу механизмін қайта қарауды және мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті іске асыру тәсілдерін жетілдіруді де қамтиды.

Депутаттар жобаны қолдағанымен, құжатты қарау барысында оған бірқатар өзгерту енгізуді ұсынды:

  • Бюджет кодексінің 41-бабы 4-1-тармағына сәйкес мемлекеттік тапсырмаларға жатқызылуы мүмкін тапсырыстардың тізбесі айқындалды және олар түпкілікті болуға және кеңейтіліп түсіндіруге жатпауға тиіс. Осыған байланысты мемлекеттік тапсырманы нақтылайтын өзгерістер енгізілді.
  • Автоматтандырылған дактилоскопиялық ақпараттық жүйені іске қосу жөніндегі іс-шаралардың жеткіліксіз қаржыландырылуына байланысты, оны толық көлемде іске қосу мерзімін 2023 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру ұсынылды.
  • 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Президент жолдауы аясында Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген және еліміздің заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автомобильдерді біржолғы заңдастыруды жүргізу міндеті қойылды. Осыған байланысты ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде айналымға шығарылған және 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстан аумағына әкелінген басқару органдары оң жақта орналасқан автомобильдерге алдағы заңдастыру аясында тыйым салуды алып тастау бөлігінде «Жол қозғалысы туралы» заңға түзету ұсынылды.
  • Инвестицияларды ұлғайту және коммуналдық желілердің тозуын азайту үшін қажетті жұмыстарды жүргізу мақсатында «Табиғи монополиялар туралы» заңына бекітілген тарифті оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін өзгерту үшін қосымша негізді көздейтін түзетулер ұсынылды.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев аталған заң жобасы президент тапсырмаларын іске асыруға бағытталғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген рулі оң жақта орналасқан автокөліктер бойынша бастапқы тіркеу мүмкіндігін беру ұсынылды. Бұл 20 мыңға жуық азаматқа көлігін заңдастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сенаторлар азаматтардың банктік, салықтық құпиясына қол жеткізу мәселелеріне қатысты уәкілетті органдарға негізсіз кең өкілеттіктер беретін жекелеген ережелерді алып тастады. Осы заң қабылданғаннан кейін халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама