Батыс Қазақстан облысында 60 елді мекен «ауыл» мәртебесінен айырылды
Өңірде қазір тағы 49 елді мекен осындай халде
Батыс Қазақстан облысында соңғы 10 жылда 60 елді мекен ауыл мәртебесінен айырылған. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасы хабарлады.
Ауыл халқының қалаға үдере көшуіне жұмыссыздық пен инфрақұрылымның нашарлығы себеп болған.
Мысалы, кезінде 150-дей түтіні болған Кожевников ауылында қазір байырғы тұрғындардан 60-ты алқымдаған Виктор Агафоновтың ғана отбасы қалған. Облыста қазір тағы 49 елді мекен осындай халде.
Заңнама бойынша ауыл статусы болуы үшін ондағы тұрғындардың саны 50 адамнан кем болмауы тиіс. 3 жыл ішінде тағы 49 ауыл тұрғындарының саны 50-ден асуы қажет немесе жергілікті билік олар бойынша шешім қабылдап, дербес есептен шығаруы керек, - дейді БҚО стратегия және экономикалық даму басқармасының бөлім басшысы Райса Еркеғалиева.
Оның айтуынша, ауылдық округтер саны да қысқартылуы мүмкін. Өйткені бірқатар елді мекен ауыл мәртебесінен айырылған жағдайда құрамында әкімшілік орталығы ғана қалатын округтер бар. Ал заң бойынша ауылдық округте кемінде 2 ауыл және 500-ден аса тұрғын болуы шарт.
Қазір өңірде мұндай талапқа сәйкес келмейтін 26 әкімшілік аумақ тіркеліп отыр. Енді олар берілген мерзім ішінде қайта оңалмаса, мәртебесінен айырылады.