Жақында Бақытгүл Хаменова қатысты сот ісі де басталады
Өткен аптада Атырау қалалық сотында Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев пен «Бұйырғын» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі директорының орынбасары Нұрлан Бисембаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сотта жарыссөз өтті. Сот ісі аяқталуға жақын.
Еске салсақ, Атырау облысының бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаровтың ісі бойынша сот процесіне де нүкте қойылу жақын.
Айта кетейік, жақын күндері облыс әкімінің істі болған тағы бір орынбасары Бақытгүл Хаменова қатысты сот ісі де басталады.
Нұрлыбаевқа қайта оралсақ. Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы - қалалық прокуратураның бөлім басшысы Қуаныш Шункенов Нұрлыбаевқа жаза ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде 10 жылға бас бостандығынан айыруды және мемқызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыруды сұрады. Ал Бисембаевқа жаза ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде 7 жылға бас бостандығынан айыруды және ауыл шаруашылығы секторында лауазымдарды атқару құқығынан 7 жылға айыруды сұрады.
Еске салсақ, сот былтыр жыл аяғында басталды. Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-тармағы бойынша («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салуй) қаралып жатыр.
Тағы еске салсақ, ол 2019 жылы ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасары болып тұрған кезде Құрманғазы ауданындағы «Бұйырғын» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне 83,7 миллион теңге инвестициялық субсидияны заңсыз төлеген деп айыпталды.
Инвестициялық субсидиялар келісімшарттарын жасау және инвестициялық субсидияларды төлеу 2019 жылдың 26 маусымынан 4 желтоқсанына дейін жүзеге асырылған. Нұрлыбаев Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымына 2019 жылдың 5 маусымында тағайындалған. Ал Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметіне 2021 жылдың қаңтарында тағайындалды.
Бүгінде «Бұйырғын» кооперативі 83,7 миллион теңге қарызды толық көлемде өтеген.
Алайда, жемқорлық фактісі қылмыстық жауапкершіліктен босатпайтындықтан іс сотқа дейін жеткен.
Бүгін, 11 наурыз күні айыпталушыларға соңғы сөз берілді. Нұрлыбаев та, Бисембаев та өздеріне тағылған айыптармен келіспейді. Нұрлыбаев өзіне жала жабылып отыр деп есептейді. Соның ішінде Нұрлыбаев Бисембаевпен алдын ала сөз байласты деген секілді басқа да айыптаулардың тергеуде де, сотта да өз дәлелін таппағанын айта келе, өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істің облыс әкімі лауазымынан түсіру үшін әдейі жасалған әрекет екенін айтты. Өзінің конституциялық құқын облыс прокурорлары мен мемлекеттік аудиторлар бұзып отырғанын жеткізді.
«Қорыта келе, мен өзімді кінәлімін деп есептемеймін. Ешкіммен сөз байласпадым, ешкімнен еш нәрсе алмадым. Бюджет қаржысын талан-таражға салмадым. Субсидия қаржысы қайтарылды, мемлекетке ешқандай зиян келген жоқ, жәбірленушінің талабы жоқ. Құрметті сот, менің отбасылық жағдайымды, яғни, кәмелеттік жасқа толмаған екі қызымның бар екенін, бұрын сотталмағанымды ескеріп, мені кінәсіз деп танып, ақтауыңызды немесе істі қысқартуды сұраймын. Менің еш кәнім жоқ, болған да емес. Алла алдында, сот алдында да», - деді Нұрлыбаев.
Бисембаев та субсидия қаржысы қайтарылғанын және мемлекетке ешқандай залал келмегенін айта келе, бюджет қаржысын жымқыруды көздемегенін, арам пиғылы болмағанын айтты.
«Мен ауыл шаурашылығы саласын дамытуды мақсат еттім. Менің ісімде қылмыстық құрамның болмауына байланысты және кәмелетке толмаған сегіз баламның барын әрі отбасының жалғыз асыраушысы екенін ескеріп, мені ақтауыңызды сұраймын», - деді ол.
Сонымен бірге, Бисембиев «Бұйырғын» кооперативінің құс етімен тек облысты емес, елдің батыс өңірін түгел қамтамасы зетіп отырған бірден бір үлкен өнеркәсіп мекені екенін де атап өтті.
Сот айыпталушылардың соңғы сөздерін тыңдап болған соң кеңесу үшін сот отырысн жабық деп жариялады.