1 мандатқа – 3 адам: Сенат депутаттығына үміткерлерді тіркеу аяқталды
Олардың 46-сы – ер, 20-сы – әйел
Елімізде Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталды. Жалпы, сенаторлардың 20 мандатына ұсынылған 130 үміткердің 66-сы тіркелген. Сонда 1 мандатқа 3 үміткерден келіп тұр.
ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес, 24 желтоқсан күні сағат 18.00-де кандидаттарды тіркеу аяқталды, – деп мәлімдеді Орталық сайлау комиссиясы.
66 үміткердің 63-і (95,5%) – өзін-өзі ұсынған, тек үшеуін (4,5%) мәслихат ұсынды.
Тіркелген үміткерлердің 46-сы – ер және 20-сы – әйел. Төрт кандидат – Сенаттың қазіргі депутаттары, 15-і – мемлекеттік ұйымдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің қызметкерлері, 29-ы – мемлекеттік қызметкерлер, 13-і – коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері, бесеуі – қоғамдық ұйымдардың өкілдері.
Үміткерлердің орташа жасы – 51,8 жас.
Үміткерлер негізінен Жамбыл облысы мен Алматы қаласында (5 адамнан) көп тіркелген. Ал Абай және Түркістан облыстарында 4 үміткер, қалған 15 облыста және Шымкентте 3 үміткерден бар.
Қазір үміткерлерді тіркеу мерзімі аяқталған сәттен бастап сайлау алдындағы үгіт басталды. Ол 2023 жылғы 13 қаңтарда сағат 00.00-де аяқталады. Ал сайлау 14 қаңтарда өтеді.