×

Қазақстан Ресейдің қарыздарын неге қаптатып сатып алып жатыр?

Халықаралық сарапшылар ресейдің құнды қағаздарының «батпағына» батып қалғандарды Қазақстанның құтқаруға кіріскеніне назар аударды

 Халық үні 25.12.2022 | 00:50
фото: ашық дереккөзден

2014 жылы Қырымды аннексиялап, Донбассқа басып кірген Кремльдің соғысқа ұзақ жыл дайындалғаны анықталып отыр. Бірақ оның Еуропаға қарай кең ауқымды шапқыншылық жасайтынына Батыста да, басқасында да сенген жан сирек еді. Содан Ресей мен Украина арасында Минск келісімдері бекітілген соң, жаһан жұртшылығы тынышталды. Дәл осы кезде Мәскеу қулыққа басты. Ол шетелден, компаниялардан және жеке инвесторлардан ылан-ойран қарыз алып, оның өтемі ретінде халықаралық биржаларда мемлекеттік облигацияларын орналастырды. Олар бойынша қарыздың басым көпшілігі 2028 жылы өтелетіні белгіленді. Бұл туралы inbusiness.kz жазды. 

Нәтижесінде, 2020 жылы РФ Орталық банкі «Ресей мемлекеттік қарызын шетелдіктердің сатып алуы жөнінен ел тарихындағы рекордты» тіркеді. Алдыңғы рекорд сонау 2012 жылы тіркеліпті, бірақ артынша Ресей Украинаға алғашқы шапқыншылығын жасағанда, инвесторлар тұра қашқан болатын.

Ал 2020 жылғы рекорд бақуатты 2012 жылғыдан ($17,1 млрд) да асып түскен: шетелдіктер РФ қарызын 22,2 миллиард долларға сатып алды. Тиісінше, осынша сомаға РФ төл федералдық заем облигацияларын (ОФЗ), егемен еуробондтарды шығарды. Соның ішінде шетелдіктер 15 млрд долларға ресейлік ОФЗ-ны, тағы 7 миллиардтай долларға еуробондтарын сатып алды.

Нәтижесінде, федералдық заем облигацияларындағы бейрезиденттердің салымдарының үлесі 34,9%-ға жетті.

Салыстырсақ, оның алдында, 2019 жылы 23,6% болған.

Ресей жатжұрттық салымшыларды өз құнды қағаздарына белгіленген жоғары сыйақымен қызықтырды. Мысалы, Russia 43 еурооблигацияларының табыстылығы рубльде 21-22% құраған.

Дүниеқоңыз, бірінші орынға пайданы қоятын адамдар Мәскеудің сенімді серіктес емес екеніне көз жұма қарап, оның ұсынғанынан табыс тауып қалуға ұмтылды.

Ал биылғы 24 ақпанда РФ Украинаға баса-көктей кіргенде, тарихи зұлмат төнгенін түсіне қойған саналы инвесторлар дереу өз қаражаттарын ресейлік қағаздардан жаппай шығара бастаған. Соның қорытындысында, 2022 жылғы ақпанның соңы – наурыздың басындағы бір апта ішінде салымын Ресейдің мемлекеттік қарызына бағыттаған шетелдіктердің үлесі 17,4%-ға дейін лезде құлдырады. Санкциялардан қорыққан инвесторлар ресейлік улы құнды қағаздарды су тегінге болса да өткізіп қалуға жанталасты. Бірақ соның өзінде РФ федералдық заем облигацияларында шетелдіктердің 2,7 триллион рублге дейінгі салымы қалған сыңайлы. Әрине, олар көп құнсызданды.

АҚШ Мәскеуге қарсы алғашқы санкциясында өз азаматтарына ресейлік құнды қағаздарға қатысты бастапқы нарықта да, қайталама нарықта да кез келген мәміле жасауына тыйым салып тастады.

Сонымен бір мезгілде, 28 ақпаннан бастап, РФ Орталық банкі де брокерлерге шетелдіктердің өтініші негізінде бағалы қағаздарды сатуға тыйым енгізді. Осы кезден бастап, әбжілдік танытпаған, қапы қалған, немесе Ресейдің Киевті тез құлататынына сеніп, артын баққан барлық шетелдік инвесторлардың ресейлік акцияларға инвестициялаған қаражаттары қазір бұғаттаулы тұр. РФ Ұлттық есеп депозитарийіндегі (Национальный расчетный депозитарии) шетелдік депозитарийлер есепшоттары да бұғатталды.

Бірақ Еуразиялық одақ елдерінің компаниялары мен жеке тұлғаларына РФ мемлекеттік қарыздарына қатысты операциялар жасауына тыйым салынбаған.

Bloomberg хабарлауынша, ресейлік облигацияларда қаражаты бұғаттаулы қалған шетелдік инвесторларға қазақстандық инвесторлар көмекке келіпті. Бұл бір қарағанда, екі жаққа да пайдалы көрінеді: шетелдіктер өз қаражатынан қалғанын шешіп ала алады, ал қазақстандық компаниялар РФ мемлекеттік борышын (Russian government debt) үлкен дисконт-жеңілдікпен сатып алып жатыр.

Биылғы тамызда Barclays Plc және басқа да фирмалар бұрын рубль тұрған қағаздарды 20–25 копейкадан ұсыныпты.

Әрине, бұл тәуекелді іс: Ресей бүгінде техникалық дефолтқа ұшырады. Яғни ол болашақта құнды қағаздарын өтемесе, электронды сипаттағы ол қағаздар әжетханаға да жарамай қалады.

«Осы мәселемен жақсы таныс тұлғалардың айтуынша, қазақстандық қаржылық компаниялар Ресейдің мемлекеттік қарыздарын шетелдік инвесторлардан үлкен жеңілдікпен жаппай сатып алып жатыр. Ол инвесторлар санкциялар және басқа да шектеулер кесірінен РФ нарығынан кете алмай қалған. Соңғы айларда бірқатар қазақстандық брокерлік компаниялар мен банктер ресейлік егемен құнды қағаздарды сатып алды немесе соны өзіне өткізуге ұсыныстар жасауда. Бізге мұны хабарлаған тұлғалар өздерін атамауды сұрады, себебі, бұл ақпарат жеке құпия болып табылады. Сондықтан олар бұл мәмілені қандай қазақстандық компаниялар мен инвесторлар жүргізгенін айтудан бас тартты. РФ қарызын қазақстандық клирингтік палатада тіркеу сатып алушыларға рубльде купондық және негізгі төлемдерді алуға мүмкіндік береді», – деп жазады Блумберг агенттігі.

Клирингтік палата ақпаратты өңдеу қызметімен айналысады, ол арқылы халықаралық банктер өзара келісім бойынша түрлі құжаттармен алмасуды жүзеге асырады.

Жалпы АҚШ, ұжымдық Еуропа, G7 елдері қарызды рубльмен қабылдаудан бас тартты және өз компаниялары мен азаматтарына да соны қабылдауға тыйым салды. Ал Қазақстан рубльмен есеп айырысуды жалғастырды. Сондықтан қазақстандық инвесторлар Мәскеуден құнды қағаздары үшін рубльмен купондық төлем алудан арланбайды. Блумберг айналма жол қазақстандық фирмаларға тез табыс табуға мүмкіндік беретінін қосты.

РФ облигацияларында триллиондаған рубльге барабар шетелдік салым бұғатталып қалғанын ескерсек, қазақстандық инвесторлар алдында кең өріс жатқандай. Дегенмен, солақай саясат жүргізетін Мәскеу кез келген күні оны әп-сәтте тарылта салуы да ғажап емес.

Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, РФ құнды қағаздарында шетелдіктердің 2,18 трлн рубльге (31 млрд доллар) тең қаражаты жатуы мүмкін.

Қазақстанның қаржылық реттеушісі – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі журналистерге түсініктеме бермеді. Ал ҚР Құнды қағаздардың орталық депозитарийі Брумбергке жергілікті брокерлердің қандай облигацияларды тіркеп жатқанына қатысты ақпаратты аша алмайтынын, мұның құпия екенін мәлімдеді.

Бұл ретте РФ Қаржы министрлігі шығарған федералдық заем облигациялары мен еурооблигацияларының тіркелген көлемі сегіз айда 100 есеге өскен. Бұл туралы агенттікке алматылық депозитарий хабарлады. Ал олардың жалпы сомасы 1 қарашада 800 миллион долларға жуықтады. Ендігі миллиардқа да жетіп қалуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама