Halyq Uni логотип
×

Депозитке 10% өтемақы: Бір аптадан соң өтініш беру мерзімі аяқталады

Өтініштер 31 желтоқсанға дейін қабылданады

 Айнұр Шошаева 24.12.2022 | 20:16
Депозитке 10% өтемақы: Бір аптадан соң өтініш беру мерзімі аяқталады
фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның Ұлттық банкі мен Үкіметінің теңгелік салымдарға берілетін 10% өтемақыға өтініш беру 31 желтоқсанда аяқталады, деп хабарлайды Halyq uni.  

Еске сала кетейік, 2022 жылдың ақпан айында Ұлттық Банк пен ҚР Үкіметі теңгелік салымдарды қорғауға бағытталған бағдарлама жариялады. Ол банк секторының өтімділігін сақтауға, сондай-ақ теңгедегі депозиттердің тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Базалық мөлшерлеменің артуынан кейін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынатын теңгедегі салымдар бойынша шекті мөлшерлемелер арттырылды.

Ұсынылған жедел шаралар Қазақстанның қаржы нарығына, атап айтқанда оның валюталық сегментіне тұрақтандырушы әсер етуге, ал болашақта – инфляциялық күтулерді төмендетуді көздейді. Атап айтқанда, аталған бағдарламада теңге депозиттеріне банк төлейтін пайыздық мөлшерлемеден тыс, мемлекеттен салым сомасының 10%-ы көлемінде біржолғы сыйақы (өтемақы) есептеледі. 

Өтемақы 2022 жылдың 23 ақпанынан кешіктірілмей ашылған және осы мерзімге қалдық сомасы болған теңгелік салымдар бойынша төленеді.

2022 жылдың 23 ақпанынан бастап келесі 12 айда, яғни 2023 жылдың 24 ақпанына дейін депозитті банкте сақтау – өтемақы төлеу үшін міндетті талап.
Айта кетейік, теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасы аясында төлем жинақ салымдары, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының жіктемесіндегі мерзімді, сондай-ақ мерзімсіз салымдар мен «Отбасы» банктегі салымдар, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясындағы салымдарға ғана (AQYL депозиттері) төленеді. 
Өтемақы алу үшін салымшылар банк бөлімшесіне барып жазбаша немесе онлайн сервистер арқылы өтініш беруі керек.  Өтініштер 31 желтоқсанға дейін қабылданады. Ескеретін жайт, мемлекеттен төленетін өтемақы мөлшерінің шектеуі бар. Төлем тек 20 миллион теңгеден аспайтын салымдарға төленеді.

Ал өтемақы төлем картасы, ағымдағы шоттар, шартты депозиттер, сыйақы мөлшерлемесі жылдық 0,1%-дан аспайтын мерзімсіз салымдарға есептелмейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама