Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда 5,2 млн га жер мемлекетке қайтарылды

Бүгінде барлық өңірлерде департаменттер құрылып, жерді бақылау бойынша бірыңғай вертикаль орнатылды

 Айнұр Шошаева 24.12.2022 | 19:14
Қазақстанда 5,2 млн га жер мемлекетке қайтарылды
фото: egemen.kz

Биыл Қазақстанда заңсыз берілген және игерілмеген 5,2 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Halyq Uni

Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов ведомствоның биылғы жұмысын қорытындылады.  

«Мемлекет меншігіне пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген 5,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Жер инспекторларымен қабылданған тиісті шаралардан кейін жерді пайдаланушылары 1,85 млн гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті», деді ол. 

Сонымен қатар жерді мемлекеттік бақылау функциялары облыстық әкімдіктерден комитетке қайтарылғанын атап өтті. Бүгінде барлық өңірлерде департаменттер құрылып, жерді бақылау бойынша бірыңғай вертикаль орнатылды.

Бұған қоса, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мерзімі 2 жылдан 1 жылға қысқартылды. Ал әкімдіктерге, елді мекен тұрғындарының мал жаюға деген қажеттіліктерін қанағаттандыру (ортақ жайылым) үшін елді мекен маңындағы жерлерді мемлекет мұқтажына алуға заңмен рұқсат берілді.

«Бір қолға берілетін ауыл шаруашылығы жерлерінің шекті ең жоғары мөлшерлері бекітілді. Жер мәселелері бойынша кіші және микро субъектілерге қатысты тексеру жүргізуге жарияланған мораторий алынды. Комитет жыл басынан бері әікімдіктердің, сонымен бірге «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) қатысты 7,6 мыңнан астам өтінішті қарады», деп қосты комитет төрағасы.  

Сондай ақ ол қазір жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесі әзірленіп жатқанын атап өтті. Бұдан бөлек, елімізде JerInspector кабинеті іске қосылды, онда жер пайдаланушыларға қатысты 1,5 мыңнан астам тексерістер тіркелді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама