×

«Коммуналды тариф қымбаттайды». Атаулы әлеуметтік коммуналды көмек беру ұсынылды

Қазір заңды тұлғалар халықтың коммуналды шығынын төлеп отыр

 Айнұр Шошаева 24.12.2022 | 15:28
Фото: vyksavkurse.ru

Еліміздің жылу электр орталықтарында болған апаттардан кейін энергетика саласындағы проблемалар жиі айтыла бастады. Оның ішінде сала мамандары электр және жылу энергиясына тарифтің төмендігіне назар аударды. 

«Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығының директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапеновтің пікірінше, елдегі тозығы жеткен энергетикалық нысандардың жаңғыртылуы тарифке байланысты. 

Қандай жағдай болмасын, тариф өсуі керек. Энергетикадағы кез келген жаңғырту үшін, жаңа электр стансасы үшін күні соңғы тұтынушы төлейді. Яғни, ол шығынның бәрі тарифке енгізіледі, – Н.Қапенов. 

Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірханов еліміздегі жылу мен энергияның тарифі бірден қымбаттамайтынын, алайда алдағы 2-3 жылдың ішінде кезең кезеңмен көтерілуі мүмкін деген пікірде. 

Меніңше, тариф бірден көтерілмейді, бірақ біртіңдеп енгізіледі. Себебі қазір елдегі әлеуметтік экономикалық жағдайды біле тұра бірден көтеруге жол берілмейді. Сондықтан 2-3 жылдың ішінде кезең кезеңмен көтерілуі мүмкін. Әрі оған дайын болуымыз керек. Тарифті тек көтеріп қоймай, атаулы әлеуметтік көмекті енгізу қажет. Мысалы, Атырауда электр энергиясын сатып алу құны 12 теңге бола тұра, жеке тұлғалар 6 теңге төлейді заңды тұлғалар 30 теңге төлейді. Яғни заңды тұлғалар жеке тұлғалар үшін арзан тарифті субсидиялайды. Бұл саралауды алып тастау керек, – деді Темірханов. 

Оның пікірінше, заңды тұлғаларға тарифті төмендетіп, жеке тұлғалар үшін көтеру қажеттігіне назар аударды. 

Жеке тұлғалардың ішінде көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер мен банкирлер және т.б. азаматтар бар. Бүгінде көпбалалы отбасы үшін де, банкир үшін бірдей 6 теңгеден субсидияланады. Әлеуметтік аз қамтылған азаматтар үшін атаулы көмек қарастыруға болады деп ойлаймын. Біз бұл тәжірибені пандемия кезінде іске асырдық. Сол кезде абоненттердің шоттарына 15 мың теңгеден ақша аудардық. Кейбір абоненттерге бұл қаржы бірнеше айдың төлемін жабу үшін жеткілікті болды. Алайда бұл моделге көшу үшін батыл шешім керек», – деп толықтырды Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама