«Біз күтуден шаршадық»: Астанадағы көпқабатты үйдің тұрғындары жолды жауып тастауға дайын
Астанада Есілдің сол жағалауындағы «Жағалау» байланыссыз, интернетсіз отыр
Астанада Есілдің сол жағалауындағы «Жағалау» байланыссыз, интернетсіз отыр. Астанада байланыс пен интернеттен мақрұм қалған тұрғындар не істерін білмей отыр. Анау-мынау емес, Есілдің сол жағалауындағы «Жағалау» деп аталатын ауданның талайдан бері шешілмей келе жатқан басты проблемасы осы, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Мұны білетіндер «Жағалауға» жоламайды. Ал тұрған жеріне қызығып үй алып қойғаны ұялы телефонына жан бітіре алмай шарасыз жүр. Бәрінен бұрын ауа райы бұзылғанда онлайн оқитын балаларға обал. Қаланың қақ ортасында байланыссыз отырған тұрғындардың айтарын КТК тілшісі тыңдап келді.
Бүгін Астанада 30 градустан төмен аяз болып тұр. Мектептің бірінші маусымында оқитын оқушыларға сабақ жоқ. Бұған көп баланың қуанатыны рас. Бірақ дәл мына үйдің оқушылары қуанбайды. Оларды ата-әжесі боран, жауын-шашын, аязға қарамастан Wi-Fi-ы бар үйге жөнелтіп әлек. Өйткені жыл аяқталып, тоқсан қорытылатын шақта онлайн мектептің тапсырмасын орындамасқа болмайды.
Соның бірі — 4-сынып оқушысы Жанерке. Мектеп онлайнға көшеді дегенді естісе, берекесі кетеді. Туыстың үйін жағалап, сабақ оқығысы келмейді. Ал үйде байланыс жоқ.
«Желі ұстамайды. Мен мүлдем онлайн сабақ оқи алмаймын. Анам айтпай тұрып, ұстаздар «сен неге онлайнға қатыспайсың, неге онлайн мектеп істемейсің» деп ұрысты. Анама жылап келдім. Бәрі маған ұрыса береді. Олар білмейді, мында желі ұстамайды», - дейді 4-сынып оқушысы Жанерке Сембаева.
Сынып үздігі Жанеркенің мұғалімнен сөз естуіне ғаламтор кінәлі. Өйткені тұрғын үйде интернет түгілі телефонмен сөйлесуге байланыс жоқ. Ал байланыс болуы үшін шатырға антенна қойылу керек. Алайда тұрғындар екіге бөлініп соны қойдырмай отыр. Радиофобиядан қорқатындар келісім бермеген.
«Оларға интернет керек емес. Олардың немересі жоқ. Интернетпен жұмыс істемейді. Ал біз өлетін болдық. Ана құйтақандай қызды дедектетіп интернеті бар қай жаққа апарамын. Егер жағдай өзгермесе, жақын маңдағы жолды жауып, сонда барып жатамыз», - дейді Астана тұрғыны Ақсырға Мұқашева.
Ымыраға келе алмаған тұрғындардың бар үміті — есік алдындағы бесқабатты паркинг. Бұған да қожайынның келісімінсіз операторлар антенна қоя алмайды. Ал ғимарат әлі жекенің немесе әкімдіктің иелегіне өтпеген. Тіпті солай болған жағдайда да интернеттен үміт жоқ дейді жауаптылар.
«Тұрғындай артық сәуле болады немесе антенна орнатқаннан кейін шатырдан су кетуі мүмкін деп қорқады. Кез келген телефон операторы тұрғын үй кешеніне орнатарда арнайы СЭС өкілдерінің рұқсатын алмай кіріспейді. Ал бұл үйге үш оператор қызмет көрсетуге дайын болған. Бірақ паркингке емес, шатырға. Ал паркингке қоюға бола ма, жоқ па, техникалық жағдайын әлі сараптау керек», - дейді «Астана Innovation» АҚ кабельдік кәріз және телекоммуникация департаментінің бас менеджері Нұрлан Кадрешев.
Биыл жазда ғана берілген үйде 200-ге жуық пәтер бар. Соның бір подьезді келіспеген соң шалғай ауылдағыдай қараң күн кешіп жатыр. Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин де «Жағалаудың» проблемасын жатқа біледі. Антенна қоюдан басқа амал жоқтығын үнемі қайталайды. Демек бала дірдеңдеп, телефон ұстап жүгірмеу үшін тұрғындарда бір ғана амал бар. Ол тек ортақ келісімге келіп, үйдің шатырына антенна орнату. Ал бір-бірінің тілін таппайынша, тұрғындар терезенің алдын күзетіп, суық күнде далада дірдеңдей бермек.