Алматылық гастроэнтерологтың өліміне қатысты жаңа мәліметтер шықты
Алматылық дәрігер Юрий Шумковты атып өлтірген азаматтың қылмыс жасаған кезде аффект жағдайында болмаған
Алматылық дәрігер Юрий Шумковты атып өлтірген азаматтың қылмыс жасаған кезде аффект жағдайында болмаған. Арнайы сараптама жүргізген дәрігер бүгін осындай қорытынды айтты, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.
Оның айтуынша, айыпталушыны қылмысқа психикалық ауытқуы емес, дұрыс емделмегендігі итермеледі. Бүгін Алматының Наурызбай аудандық сотында дәрігер Шумков ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті. Бұған дейін оқиғаға куәгер азаматтар судья алдында жауап берген болса, бүгіннен бастап дәрігерлер мен психологтарды тыңдау басталды. Күдікті бұл жолы да сот залына жылжымалы төсекпен жеткізілді.
«Оның сөзінше, тамағын емдетуге барғанда оны дұрыс емдемеген. Диагнозын дұрыс қоймағандықтан, жүйкесі сыр берген», – деді Қалалық сот сараптамалар институтының өкілі, сарапшы Гүлмира Тұрлыбаева.
Еске салайық, биыл сәуір айының басында Алматыда емделуші өз дәрігерін аңшы қаруымен атып өлтірген болатын. Істі болып жатқан күдіктінің айтуынша, дәрігер оның іш құрылысын тексеру үшін зонд кіргізгенде шеміршегін сындырып жіберген. Азаматтың жағдайы сол жарақатынан кейін күрт нашарлаған. Шумков кінәсін мойындамаған соң ашынған ол осындай қылмысқа барғанын айтқан. 22 қараша күні болған сот отырысына марқұм дәрігер Юрий Шумковтың әйелі келіп, өтемақы ретінде 105 млн теңге сұраған еді.