Байқауға қатысуға ең көп өтініш Қостанай облысынан келіп түсті
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауының жеңімпаздарымен кездесті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Байқау қорытындысы бойынша «Үздік ауыл әкімі» атағы Түркістан облысы Шардара ауданы Жаушықұм ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Нұрсейітовке берілді.
Екінші орынды Павлодар облысы Успен ауданы Новопокровский ауылдық округінің әкімі Вячеслав Симоненко, үшінші орынды Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Айшуақ ауылдық округінің әкімі Оралбек Әбшанов иеленді.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Аблакет ауылдық округінің әкімі Арыслан Ағланбеков – «Үздік шаруа әкімі», Қарағанды облысы Нұра ауданы Баршын ауылдық округінің әкімі Зәуре Мұханәлиева – «Ашық әкім», Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Шағалалы ауылдық округінің әкімі Гүлмира Добромирова «Үздік әлеуметтік жоба» аталымының жеңімпазы атанды.
Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен жүзге жуық ауылдық округ әкімдері қатысты. Қостанай облысының ауыл әкімдерінен – 14, Солтүстік Қазақстан облысынан – 12, Жамбыл облысының ауыл әкімдерінен – 12 өтініш келіп түсті. Байқау облыстық және республикалық деңгейде өтті, - деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.
Агенттіктің хабарлауынша, өңірлік кезеңге қатысушылар ауылдық жерлерде тұрғындардың өмір сүруіне жайлы жағдай жасауға арналған жобаларын қорғап, экономикалық және әлеуметтік тиімділікпен ауылдарды тұрақты дамыту бойынша ұсыныстар жасады. Екінші кезеңде ауыл әкімдерінің проблемалық жағдайларда практикалық мәселелерді шешу қабілеті ситуациялық кейстер арқылы бағаланды.