1 миллион теңге тұратындары бар: елімізде кітап та қымбаттап кеткен
Келесі жылы рекордтық көрсеткішке жетуі мүмкін
Қазір елімізде кітап та қымбаттаған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, баға өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға артып отыр.
Баспагерлердің айтуынша, кітап шығаруға қажетті материалдар өзге елден жеткізіледі. Сондықтан оған тасымал ақысы тағы қосылады. Әр парақтың құны қымбат.
Кеше Ресейден қағаз келді. Бір бурлы жылтыр қағаз деген болады. Жып-жылтыр беттері. Кешегі баға бүгін 1,5 есе артып келді. Тура сол қағаз, сол тапсырыс болғанмен, кешегі баға мен бүгінгі баға әртүрлі. Бір аптадан кейін ол тағы қымбаттауы мүмкін. Біз қазір авторға «мынауыңыз – миллион теңге, 500 дана басып береміз» деп айтамыз. Бір аптадан кейін ол оған жетпей қалуы мүмкін, - деді кітап баспасының үйлестіруші менеджері Маржан Ғазизқызы тілшілерге берген жауабында.
Қымбатшылық әсіресе үлкен мегополистер мен облыс орталықтарында байқалады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, ең жоғары баға Ақмола облысында, одан кейін Түркістан облысы, Астана қаласы, Қостанай және Атырау облыстары тұр.
Кітап тек дүкен сөресінде ғана емес, әлеуметтік желіде де сатылып жатыр. Ондағы баға 5 мыңнан басталады, 1 миллион теңге тұратындары да бар.
Жалпы, кітап құнының көтерілуі 2016 жылы болған. Ол кезде баға 26,4%-ға артқан. Мамандардың айтуынша, жағдай бұлай жалғаса берсе, кітап ақысы келесі жылы рекордтық көрсеткішке жетуі мүмкін.