Байланыс операторлары мобильді байланыстың бесінші буынын енгізуді бастайды
Қазақстанда 5G жиіліктерін тарату бойынша аукционның бірінші лоты аяқталды, деп хабарлады Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
Аукционда «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС және «Кселл» АҚ консорциумы радиожиілік жолақтарын 62,6 млрд теңгеге сатып алды.
22 желтоқсанда 5G мобильді байланыс радиожиілігіне ашық аукцион өткізілді. Онлайн сауда gosreestr.kz электронды сауда алаңында ұйымдастырылды. Қатысушылар 5G технологиясына арналған 3600-3700 МГЦ (100 МГЦ) радиожиілік жолақтары бойынша бәсекеге түсті.
Аукционның бастапқы бағасы 1 млрд 761 млн 225 мың теңгеден басталды.
Нәтижесінде радиожиілік жолақтарына арналған аукцион барысында баға 62 млрд 669 млн 775 мың 351 теңгеге дейін көтеріліп, «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС («Теле 2» және «Алтел» мобильді операторы) және «Кселл» АҚ («Кселл» және «Актив» мобильді оператор) консорциумы жеңімпаз болды, - деп жазылған хабарламада.
Аукцион жеңімпазына республикалық маңызы бар қалаларда және облыс орталықтарында мобильді байланыстың бесінші буыны – 5G-ді енгізу және дамыту бойынша міндеттемелер жүктеледі. Оған сәйкес, аукцион жеңімпазы кезең-кезеңімен жалпы саны 3 527 базалық станцияны іске қосуы керек.
2027 жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75%-ы, облыс орталықтарының 60%-ы 5G технологиясымен қамтамасыз етіледі.