«Менің арнауымнан жолыңыз ашылады»: Балтабек 5 шумақ өлеңді қанша теңгеге жазатынын айтты

Халық үні

Билік басында отырғандар үшін ақынның талабы мүлде басқа

фото: ашық дереккөзден

Нұрсұлтан Назарбаевты және оның туыстарын жырлап, соңғы кездері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнап отты өлең жазып жүрген Балтабек Нұрғалиев тапсырысқа өлең жазатынын айтты. Оның арнау өлеңдері қыруар қаржы тұрады екен, деп хабарлайды exk.kz

Бұл туралы Балтабек Нұрғалиев өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады. Онда ақын өлеңге тапсырыс берушілердің көп екенін және ол еңбегін қанша теңгеге бағалайтынын жазған.

Мәселен оның бес шумақ өлеңінің құны қарапайым адамдар үшін 200 000 теңгеден басталады. Ал билік басында отырғандар үшін ақынның талабы мүлде басқа.

«Маған арнап өлең шығарасың ба?» деп жекеме хабарласушылар өте көп. Бірден айтайын, 5 шумақ өлең бағасы — 200 000 теңге. Бұл тек қарапайым халық үшін ғана. Биліктегілерге басқа баға. Жаңа жылдық жеңілдікті пайдаланып қалуыңызға болады. Орындар саны шектеулі. Жаңа жылдан бастап баға өзгереді. 5 шумақ 1 000 000 теңге болады. Еліміз аман болсын! Бір нәрсені айтуды ұмытып барады екенмін. Менің арнайтын өлеңімнің үлкен емдік қасиет-қуаты бар, жарқырайсыз, тазарасыз. Жолыңыз ашылады. Бірақ ақша төлейтін кезде, бүріспей-тырыспай, шын көңілмен берген абзал. Себебі басқалай жағдайда кері әсері болуы мүмкін», — деп жазды Балтабек Нұрғалиев.

Балтабек Нұрғалиев бірнеше кітап шығарған ақын. Соның ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі Болатқа арнап шығарған «Болат ағам- Бәйтерегім» кітабы қоғамда қызу талқыланды.

Ақынның соңғы жазған өлеңі Президент Тоқаевқа арналғанын айта кетейік.

Жасыл шырша, асыл шырша, дарасың,
Жаңа жылдың қарсаңында жаңасың!
Қасым-Жомарт Кемелұлы еккен соң,

Сен тарихта киелі боп қаласың.

Жұмсаған ба тал еккізіп қонақты?
Президенттен бұны кімдер сұрапты?
Ырым етіп Шафкат ака сұраған,
Болайық деп Қазақстандай қуатты, — деп жырлады ақын.