Енді Қазақстан мен Өзбекстан – одақтас елдер
Мемлекеттік шекараның мәселесі де шешіледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға мемлекеттік сапары барысында шағын құрамдағы кездесуден кейін әріптесі Шавкат Мирзияевпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Оған екі мемлекеттің ресми делегациялары қатысты.
Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде өзара тауар айналымын ұлғайтуға, инвестиция тартуға, өнеркәсіп, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, транзит әлеуеті және көлік логистикасы салаларындағы кооперацияны дамытуға баса мән берді. Сондай-ақ білім беру және мәдени-гуманитарлық салаларда өзара іс-әрекет мәселесі де талқыланды.
Мемлекет басшысы шағын құрамда өткен келіссөз нәтижесіне жақсы баға беріп, екіжақты ынтымақтастықты достық, тату көршілік қарым-қатынас және өзара қолдау рухында кешенді түрде кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміз бүгінде мемлекетаралық серіктестікке үлгі болатындай берік әрі үйлесімді қарым-қатынас орнатқанын атап өтті. Ол екі елдің одақтастығы туралы айта келіп, оның мәні мен маңызына тоқталып өтті. Оның айтуынша, одақтастық қарым-қатынасты нығайту жолындағы бірлескен іс-әрекеттер бүкіл Орталық Азияның орнықты дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.
Сонымен қатар келіссөз барысында президенттер екіжақты ынтымақтастықтың саяси тұғырнамасын бекемдей түсетін Жоғары мемлекетаралық кеңес пен Парламентаралық кеңес құру жөнінде уағдаласты.
Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар түрлі халықаралық құрылымдар мен механизмдер аясында табысты жұмыс жүргізіп келе жатқанын айтты. Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымдары ортақ, көзқарастары ұқсас.
Өз кезегінде Шавкат Мирзияев шағын құрамдағы келіссөздің нәтижелі болғанын атап өтіп, тауар айналымының ұлғайғанына және бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.
«Сіздің мемлекеттік сапарыңыз біздің ғасырлар бойы қалыптасқан достық, тату көршілік және өзара қолдау сипатындағы байланыстарымыздың қаншалық берік екенін тағы нақтылай түседі. Біздің халықтарымыздың тарихы мен тағдыры бір-бірімен біте қайнасқан. Елдеріміздің тарихи тамыры ортақ әрі біз өзекті мәселелерді бірлесе шешеміз», – деді Өзбекстан президенті.
Сондай-ақ тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуына оң баға берді. Екі ел халқының ортақ рухани-мәдени құндылықтарын байыта түскен Қазақстан мен Өзбекстанның мәдениет күндері табысты өтті. Сондай-ақ елдеріміздің білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселесі де қарастырылды.
Осыдан кейін мемлекет басшылары келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа және Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қазақстан- Өзбекстанның мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойды.
Сонымен қатар ресми делегациялардың мүшелері мемлекет басшыларының қатысуымен мынадай құжаттарға қол қойылды:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру туралы негіздемелік келісім;
2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі арасындағы Электрондық сауда жүйесін дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
5. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Орман шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы Орман шаруашылығы саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
6. 2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;
7. Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық реформалар агенттігі арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум;
8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызметті дамыту агенттігі арасындағы Мемлекеттік қызмет саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
9. Қазақстан Республикасы Қызылорда облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Науаи облысының хокимиаты арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің 2023 – 2024 жылдарға арналған жол картасы;
10. Қазақстан Республикасы Түркістан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Жизақ облысының хокимиаты арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің 2023 – 2024 жылдарға арналған жол картасы
11. Қазақстан Республикасы Түркістан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының хокимиаты арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің 2023 – 2024 жылдарға арналған жол картасы;
12. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Узбекнефтгаз» АҚ арасындағы келісім;
13. «Eurasian Resources Group S.а.r.L.» компаниясы мен «Sanoat Energetika Guruhi Enera» ЖШҚ арасындағы Ынтымақтастық туралы келісім;
14. «Қазфосфат» ЖШС, «Узкимёсаноат» АҚ және KP Fertilizers Ltd. арасындағы Өзбекстан Республикасында минералды тыңайтқыштар өндіру жөніндегі бірқатар кешендер құрылысының инвестициялық жобаларын іске асыру шеңберіндегі бірлескен әріптестік туралы келісім;
15. «PTC Holding» ЖШС (Қазақстан Республикасы) мен Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының хокимиаты арасындағы Ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандум.