×

Қазақстан мен Өзбекстан одақтас елдерге айналады

Сонымен бірге мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы шартқа қол қойылады

 Дастан Жұмабекұлы 22.12.2022 | 16:53
фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасына мемлекеттік сапарында осы елдің мемлекет басшысы Шавкат Мирзияевпен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Әуелі шағын құрамда өткен кездесуде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің тарам-тарам ұрпақ арқылы бүгінгі күнге жеткен достық қарым-қатынастары мен ынтымақтастығының одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.

Біз Өзбекстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қазақ пен өзбек – ежелден достығы мызғымас, сыйластығы жарасқан бауырлас халықтар. Екі елдің салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі, діні ұқсас. Тарихы тамырлас, тағдырлас елдеріміздің мақсат-мұраты да ортақ. Сондықтан мен бүгінгі сапарға айрықша мән беремін. Біз тату көршілікке және сенімді серіктестікке негізделген қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық неғұрлым тығыз және табысты болса, Орталық Азиядағы ахуал соғұрлым тұрақты болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Одан кейін кеңейтілген құрамда президент екі ел арасында көптен бері айтылып келе жатқан мәселені көтерді. Ол келіссөзде одақтастық туралы әңгіме қозғады.

«Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қою біздің мемлекетаралық байланыстарымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Егер біз шартты тарихи маңызы бар құжат деп атайтын болсақ, бұл асыра айтқандық емес деп ойлаймын. Бұл аса маңызды құжат біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, екі елдің өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысын білдіреді», - деді ол.

Сонымен бірге Тоқаев Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойылатынын атап өтті.

«Бұдан бөлек, бүгін Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойылады. Бұл тарихи келісім Қазақстанның оңтүстігіндегі мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық тұрғыда рәсімдеу ісін толығымен аяқтайды», – деді Қасым-Жомарт Токаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама