LRT ісі: Бас прокуратура Тасмағамбетовке қатысты ақпаратты растамады, жоққа да шығармады

Ербол Тұрымбет

Дереккөздер Тасмағамбетовті тексеру бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын жазды

коллаж: Halyq Uni

Белгілі журналист Михаил Козачков Алматы мен Астана әкімі болған, Қорғаныс министрі лауазымын атқарған Иманғали Тасмағамбетовтің сол қызметтерде жүрген кезінде жемқорлыққа қатысы бары жайлы мәлімдемелерді тексеретін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын жазды.

Осы ақпараттан кейін тағы бір дереккөз (Чиновник KZ) экс-саясаткер Иманғали Тасмағамбетовті тексеруге қатысты Бас прокуратурада ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын хабарлап, журналистің ақпаратын растайтынын жеткізді.

Желіде тараған ақпаратқа қатысты Halyq Uni тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне хабарласып, ақпараттың рас-өтірігін анықтауға тырысты. Әзірге, Бас прокуратура Тасмағамбетовке қатысты ақпаратты құпия ұстап отыр. Ведомствоның баспасөз қызметі Иманғали Тасмағамбетовке қатысты тексеру жүретінін растаған жоқ, бірақ жоққа да шығармады. 

Иманғали Тасмағамбетов - ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ең алғашқы көмекшілерінің бірі. Ол 1993 жылдан 1995 жылдар аралығында президент көмекшісі, қайта айналып, 1998-1999 жылдары президенттің бірінші көмекшісі болды. Өзінің саяси мансабында Білім және ғылым министрі, Қорғаныс министрі, Президент әкімшілігінің жетекшісі, Мемлекеттік хатшы, үш рет әкім (Атырау облысы, Алматы, Астана) және төрт рет әртүрлі премьер-министрлердің орынбасары, бір рет премьер-министр қызметін атқарды. Соңғы атқарған қызметі – Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі.