×

3,5 мың Ресей азаматы елімізде тұрақты тұруға өтініш берген

965 өтініш азаматтықты алу туралы болды

 Динара Амантай 22.12.2022 | 10:33
Фото: gov.kz

Жыл басынан бері елімізге 5 млн 600 мың шетел азаматы келіп-кеткен, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықовтың айтуынша, 2022 жылы Қазақстанға 5 млн 600 мың шетелдік келген. Көбі Ресей азаматтары – 2 млн 900 мың. Өзбекстаннан 2 млн 300 мың адам келсе, Қырғызстаннан 730 мың, Тәжікстаннан 330 мың адам келіп-кеткен. Қазір Қазақстанда 650 мың шетелдік уақытша тұрады. 90%-ы – аталған елдерден.

2020-2021 жылдармен салыстырғанда биыл Қазақстанға келушілер саны артты. Бірақ ол жылдары пандемия кезі еді. Дұрыс сараптама жасау үшін 2019 жылмен салыстыру керек. Сол жылы Қазақстанға 7 млн-ға жуық шетелдік келген. Ал биыл 5 млн 600 мың. Иммиграциялық ағын тек 11 сәуірден бастап қайта қалпына келді. Карантиндік шектеулер алынып, шекаралар ашылды. Жаздың үш айында Қазақстанға 2 млн 300 мың шетелдік кірді. Ең көп келгендер тамыз айында болды – 960 мың. Одан соң келушілер саны азая бастады. Қарашада 500 мыңға дейін түсті. Желтоқсан айындағы 20 күн ішінде 325 мың шетелдік келді.

Маманның айтуынша, елімізге сырттан жиі келетін қонақтардың ең негізгісі – көрші Ресей Федерациясының азаматтары. Олардың көп келетін уақыты – жаз айлары. Жазғы демалыс кезінде Қазақстанға 1 млн 200 мыңнан аса ресейлік келген.

Ең көп көрсеткіш шілде айында болды – 485 мың адам. Қыркүйек айында Қазақстанға 406 мың Ресей азаматы келді. Олардың көбі ішінара мобилизацияға байланысты қыркүйектің 21-30-ы аралығында болды. Келушілер санының көптігіне қарамастан еліміздің шекара мен көші-қон қызметтері тұрақты жұмыс істеді. 1 қазаннан бастап Ресейден келушілер саны қайта азайды. Қазір бір күнде келетіндердің орташа саны 6-7 мың адамнан аспайды. Тек демалыс күндері ғана келетіндердің қатары ішінара көбейеді.

21 қыркүйектен бастап Қазақстанға келген ресейліктердің 200 мыңы транзитпен басқа елге шығып кетті. Өзбекстанға – 47 мың, Қырғызстанға – 46 мың, Түркияға – 37 мың.

Аталған уақыттан бастап ресейлік азаматтардан 3,5 мың өтініш тұрақты мекенжайға тұруға түсті. 965 өтініш азаматтықты алу туралы болды. Полиция шетелдіктерге тұрақты мекенжайға тұру рұқсатын бермес бұрын толық тексеру өткізеді.

Тұрақты тұру ықтиярхатын алу үшін міндетті түрде шетелдік өз төлем қабілеттілігін растауы қажет. Ол шамамен 4,5 млн теңгені құрайды. Бұдан басқа, сотталмағаны туралы анықтама, басқа шектеулері болмауы қажет. Осы құжаттардан соң құқық қорғау органдарының есебі бойынша тексеру жүзеге асырылады. Барлық тексеруден соң ғана тиісті рұқсаттама құжаттары беріледі.

Сондай-ақ Аслан Аталықов қазір Қазақстанда рұқсат құжаттарын ресімдеу либералды тәртіпте іске асырылып, барлық қызметтер тегін көрсетілетінін жеткізді. Алайда бұл жағдайды өз мүддесіне пайдаланған кейбір алаяқтар шетелдіктерді заңдастыру үшін жалған құжаттарды ұсынуға тырысады. Олардың заңсыз әрекеттері Telegram, WhatsApp, Instagram интернет платформаларда орналастырылған.

Полиция әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп жатыр. Шетелдіктердің мәртебесін реттеу бойынша жалған қызметтер ұсынатындардың алаяқтық әрекеттерін анықтайды. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында заңсыз сыйақы үшін Қазақстан Республикасының азаматы жалған құжатпен шетелдікке уақытша тұруға рұқсат ресімдеуге тырысты. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осындай фактілер анықталған жағдайда барлық жалған құжаттар жойылады. Шетелдіктердің Қазақстанда болу мерзімі қысқартылып, кінәлі адамдар жауапқа тартылады.

Ресей азаматтары Қазақстанда мемлекеттік шекарадан өткеннен кейін 90 күнтізбелік күн бола алады. Шетелдіктердің болуы туралы хабарлама жіберу функциялары Қазақстан азаматтарына жүктелген. Олар шетелдіктің келгені туралы хабарламаны үш күн ішінде беруге тиіс. Оны eQonaq мобильді қосымшасы немесе eGov порталы арқылы оңай жасауға болады. Егер шетелдік біздің елде жұмыс істеп, оқып, отбасын құру, емделу, бизнес ашу мақсатымен қалған болса, қабылдаушы жақ Халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе электрондық үкімет порталы арқылы уақытша тұруға рұқсат ресімдеу туралы өтініш бере алады. Егер осындай негіз болмаған жағдайда олардың елімізден шығуы қажет.

Мерзімдерін бұзғаны үшін айыппұлдан бастап Қазақстаннан шығаруға дейінгі жауапкершілік түрі қарастырылған. Полиция шетел азаматтарының келуіне қатаң бақылау жүргізеді.

Жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 60 мыңнан аса шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 42 мыңы Өзбекстан азаматы, Ресейдің 4 мың және Тәжікстанның 3 мың азаматы бар. Елден 5 837 шетелдік шығарылды. Оның ішінде ең көп сан 4 073 – Өзбекстан азаматтары, 491 – Тәжікстан және Ресейдің 310 азаматы. Оларға 5 жылға дейін Қазақстанға кіруге тыйым салынды.

Шетелдіктердің басым бөлігі елордада және ірі қалаларда тұрады. Осыған байланысты онда құқық бұзушылар да көп. Елден шығарылғандар саны бойынша бірінші орында Астана қаласы тұр. Елордадан 1 142 шетел азаматы шығарылды. Екінші орында – Алматы, үшінші орында – Шымкент.

Көші-қон заңнамасын бұзғандар ғана емес, басқа да құқық бұзушылықтар жасағаны үшін шетелдіктер елімізден шығарылады. Жыл басынан бері заңнаманың басқа нормаларын, оның ішінде бұзақылық жасап, қоғамдық тәртіпті бұзған 295 шетелдік елден шығарылды.

Мысалы, Орал қаласында қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін Ресейдің үш азаматы полицияның өтініші бойынша сот арқылы елден шығарылды. Олар енді елімізге 5 жылға дейін кіре алмайды. Осындай шаралар Алматы, Қызылорда, Қарағанды қалаларында да қабылданды. Жалпы қылмыстық-атқару мекемелерде 1 337 шетелдік жазасын өтеп жатыр, олар жаза мерзімі аяқталғаннан кейін елден шығарылып, 5 жылға дейін елге кіруге тиым салынады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама