×

«Малдың жем-шөбі мен құрамына дейін тексеріледі». Елімізде «халал» сертификаты қалай беріледі

Биыл 478 кәсіпорын «халал» сертификатын иеленген

 Ербол Тұрымбет 22.12.2022 | 09:59
Коллаж: Halyq Uni

Елімізде өнімдер мен қызметтерге «халал» сертификатын берумен айналысатын ҚМДБ жанындағы «Халал Даму» ЖШС-і бар. Бірақ одан бөлек те осындай қызметпен айналысатын бірнеше ұйым тіркелген. Олардың бір-бірінен қандай айырмашылығы бар? Кәсіпорындар «Халал» стандартын қалай алады? Дүкендегі өнімнің шариғат талаптарына толық сай екеніне қалай сенеміз? Мұндай сұрақтарға аталған орталық директоры Айбек Аташ жауап береді.

  1. Өнім қандай жағдайда «халал» стандартына лайық деп танылады?

Халал – рұқсат етілген, адал деген мағынаны беретін араб тілінен енген сөз. «Халал» сөзінің антонимі «харам», яғни, рұқсат етілмеген, шариғатқа сай емес деген мағынаны білдіреді.

Кәсіпорынның өнімдеріне «Халал» сертификатын берер алдында мынадай тәртіптер басшылыққа алынады:

  1. Кәсіпкер алдымен «Халал Даму» ЖШС директорының атына өтінішін, заңды құжаттарын жолдайды;
  2. Тараптар арасында «Халал» өнім өндіру және қызмет көрсету бойынша консалтинг өткізу туралы келісімшарт жасалады;
  3. Кәсіпорынның құжаттарына қарай сертификаттау қандай стандарт бойынша жүргізілетіні анықталады;
  4. Сарапшылар комиссиясы кәсіпорынның жұмыс барысын, өндіріс орнын, бекітілген стандарттар мен шариғат талаптарына сай болу деңгейін анықтайды;
  5. Өнім үлгілерінің құрамы анықталады. Өнім үлгілері арнайы зертханаларға жіберіледі;
  6. Туындаған сұрақтар бойынша, сонымен қатар, фиқһ мәселесі бойынша кеңес берілед. Сарапшы комиссиясының қорытындысы шығады;
  7. Мекеме өнімдері мен қызметін бағалайтын актілер бойынша шариғи қорытынды дайындалады;
  8. Кәсіпорнының қызметкерлеріне халал өнімнің маңыздылығы, халал ережелері, стандарттар жайында ақпарат беріледі;
  9. Оқу семинарлары, тренингтер өткізіледі, оқу призентациялары мен бейнежазбалар ұсынылады;
  10. Кәсіпорынға тұрақты бақылаушы жауапты тұлға бекітіледі;
  11. Акт жасалады;
  12. Сертификат табысталады.
  1. Өнімнің «халал» стандартына лайықты екені қалай бақыланады? Мысалы, ет өніміне байланысты малды сойғаннан бастап па, әлде жем-шөбінен бастала ма?

Қазақстан бойынша әр өңірде өкілдеріміз бар. Олар өздеріне қарасты аймақтағы кәсіпорындарды қадағалау және аудит жүргізу міндеттерін атқаруда. Сертификатталған кәсіпорындар ай сайын тұрақты түрде және кезектен тыс бақылау-қадағалаудан өткізіледі. Тексеріске «Халал Даму» ЖШС директоры да, технолог мамандар, жергілікті бақылаушылар да қатысады.

QMDB HALAL сертификаты бір жылға беріледі және мерзімінің аяқталуына байланысты қайта тексерістен өтіп, сертификатын жаңартады.

Мысалы, ет өнімдеріне халал сертификат берілуі үшін арнайы бордақыланған малдың ең алдымен жем-шөбі, оның құрамы тексеріледі. Қажет болған жағдайда зертханалық қорытынды жасалады. Қасапханада мал соятын қасапшылар мен етті бөлшектейтін мамандар арнайы оқыту курсынан өтеді. Етті сақтау мен тасымалдау шарттары түсіндіріліп, қадағаланады.

  1. «Халал» стандартын алуға жылына «Халал даму» орталығына шамамен қанша өтініш түседі? Қазір елде қанша өнім мен қызмет «халал» сертификатын иеленді?

Сондай-ақ, бұл тізім halaldamu.kz  сайтында немесе «Halal guide» мобильді қосымшасында бар.

  1. «Халал даму» орталығынан бөлек, жекеменшік «Қазақстан Халал Индустриясы Қауымдастығы» да «халал» сертификатын береді. Екеуара қандай айырмашылық бар?

Елімізде «Халал Даму» ЖШС-нен бөлек кәсіпорындарды халал стандарттау және сертификаттаумен айналысатын бірнеше ұйым тіркелген, арасында Сіз сұраған «Қазақстан Халал Индустриясы Қауымдастығы» да бар. Мемлекет тарапынан жекеленген ұйымдар қызметіне заң жүзінде ешқандай тыйым салынбаған.

«Халал Дамудың» басқа ұйымдардан ең бірінші артықшылығы – ел мұсылмандарының қара шаңырағы болған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты бірден-бір стандарттау және сертификаттау орталығы екендігі. Біздің мекеменің құрамында тек кәсіби технолог мамандардан бөлек шариғи білімді дін мамандары да қызмет атқарады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі бағыттарының бірі – халал.

Халал – шариғат шеңберінде отандық кәсіпті дамытып, ұлттық экономиканы жандандырудың басты құралы. Халал ислам дініне қатысты термин болғандықтан бұл жұмыспен мүфтияттың айналысуы заңдылық. «Халал Даму» өзге сертификаттау ұйымдарымен бәсекелесуді, «халал» таңбасынан пайда табуды мақсат тұтқан емес. Қазір халал өнімге деген халық сұранысының артуы мен бәсекелестіктің төмендігі, «халал» таңбасы берер мүмкіндіктің көптігін байқаған шетелдік кәсіпорындар QMDB HALAL сертификатын алуға аса қызығушылық танытуда. Себебі «Халал Даму» орталығын Малайзияның стандарттау және аккредиттеу орталығы мен МSU Малайзия университетінің «Jakim» ұйымы ресми мойындайды. Сонымен қатар, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан секілді мемлекеттердегі әріптестерімізбен өзара тығыз байланыстамыз. Аталған елдерде QMDB HALAL сертификатына сәйкес өнім өндіретін 20-ға жуық кәсіпорын бар.

Біздің сертификатпен әлемнің 43 еліне тауарды еркін экспорттауға мүмкіндік бар. Бүгінде оннан астам кәсіпорын біздің сертификатымызға сәйкес өндірген өнімдерінің жылына 10 мың тоннаға жуығын БАӘ, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Татарстан мемлекеттеріне экспорттайды. «Халал Даму» ЖШС ҚР Әділет министрлігінің Ұлттық зияткерлік меншік институтынан «ҚМДБ ХАЛАЛ» тауар таңбасына № 71209 куәлік алған. «ҚМДБ халал» таңбасымен өнімдерімізді шетелдерге экспорттай алуымыз – сертификатымыздың халықаралық талаптарға сай екенінің көрінісі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама