Әскери қызметкерге сот қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады
Ақтау гарнизонының әскери қызметкері 11 жасар қызын зорлады деген күдікке ілінді. Бұл ақпартты InAktau.kz басылымына ҚР Бас әскери прокуратурасы хабарлаған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 120-бабы 4-бөлігі («Зорлау») және 124-бабы 3-бөлігі («Жас балаларды азғындық жолға түсіру») бойынша жүргізіліп жатыр.
«Әскери қызметкерге сот қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Маңғыстау облысында әскери қызметкерлердің балаларға жасаған басқа зорлық-зомбылық фактілері тіркелген жоқ. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайды», - деді Бас әскери прокурордың орынбасары Сәкен Ермекбаев.
Бейресми деректерге сүйенсек, күдікті теңіз жаяу әскерінің қызметкері. Ал жәбірленуші 11 жаста. Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері жарты жылдай жалғасқан. Бұл жағдайды отбасында екінші қыз камераға түсіріп алған.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, күдікті қарулы күштер саласында қызмет етпейді, бұл оқиғадан бұрын жұмыстан шығарылған.