Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің 4 қызметкері сотталды
Олар бөлім басшысымен бірігіп, мемлекеттен бөлінген қаражатты түрлі құйтырқы әрекеттер арқылы қалтаға басқан
Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің 4 қызметкері сотталды. Олар бөлім басшысымен бірігіп, мемлекеттен бөлінген қаражатты түрлі құйтырқы әрекеттер арқылы қалтаға басқан. Әкімдіктің әккі қызметкерлерінің әрекетін аудандық прокуратура әшкереледі. Бұл туралы «Астана» арнасы хабарлайды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы 3 қызметкерімен және бір кәсіпкер бірігіп, қылмыстық топ құрған. Олар пандемия кезінде әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға тұрмыстық қалдықтарды шығаруға кеткен қаражатты қайтару үшін мемлекеттік бюджеттен бөлінген 26 млн теңгені жеп қойған. Өтірік тізім жасап, түрлі айла тәсілдерге барғандар сеніп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу бабы бойынша сотталды.
«Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармақшасымен сотқа дейінге тергеп-тексеру басталды. Нәтижесінде аудандық соттың үкімімен қылмыскерлердің кінәсі толық дәлелденді. Олар үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге сотталды. Бүгінгі таңда мемлекетке 19 млн жуық қаражат өндірілді», - деді Қордай ауданы прокурорының орынбасары Қайсар Бекмұратов.