Биыл мұғалімдердің жалақысын көбейтуге 1,2 трлн теңге бөлінді

Динара Амантай

2020 жылмен салыстырғанда, республикалық бюджеттен бөлінген қаржы көлемі 3 есе өскен

Фото: Halyq Uni

2022 жылы қазақстандық мұғалімдердің жалақысын көбейтуге 1,2 трлн теңге бөлінді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, бөлінген қаражаттың 121,5 млрд теңгесі мектепке дейінгі білім беру педагогтеріне, 1,04 трлн теңгесі орта білім беру ұйымдарына, 39,8 млрд теңгесі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына бағытталған.

Мысалы, 2020-2022 жылдарды салыстыратын болсақ, педагогтердің еңбекақысын көтеруге және оларға үстемақы төлеуге республикалық бюджеттен бөлінген қаржы көлемі 3 есеге өскен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2020 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25%-ға көтеріліп келеді. 2021-2022 жылдардың қаңтарында олардың жалақысы тағы 25%-ға өсті. Сәйкесінше, жылдан жылға білім беру ұйымдары қызметкерлерінің, яғни тәрбиешілердің, мектептер мен колледждер педагогтерінің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі мамандарының еңбекақысын арттыруға бөлінетін қаражат көлемі ұлғайып келеді, - деді Оқу-ағарту министрлігі бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш.

Сондай-ақ ол мұғалімдердің біліктілік санаты (лауазымдық жалақының 30%-дан 50%-ға дейінгі мөлшерін), магистр дәрежесі, пәндерді ағылшын тілінде оқытқаны, дәптер тексергені, сынып жетекшілігі мен тәлімгерлік қызметі үшін қосымша ақы алатынын жеткізді.