×

Бас прокуратура «өте құпия» тәртібімен қаралып жатқан Мәсімов ісі бойынша жауап беруден бас тартты

Қылмыстық іс сотта «өте құпия» тәртібімен қаралады

 Дәурен Ерболат 21.12.2022 | 12:21
Кәрім Мәсімов, фото @ Болат Шайхинов

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасарларына қатысты қылмыстық іске қатысты барлық сұраққа Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жауап беретінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Бүгінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің ісі сотта (Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты – автор) қаралып жатыр. Сондықтан бұл істі түсіндіру және шешім қабылдауға қатысты барлық сұраққа жауап беру соттың құзыретіне кіреді. Сондықтан істі қарап жатқан ведомствоға жүгініңіздер... Сұрақтарға жауап беру менің құзыретіме кірмейді», - деді Жандос Өмірәлиев.

Айта кетейік, бұған дейін Бас прокуратура Кәрім Мәсімовтің ісі сотқа жолдағанын хабарлаған.

Қылмыстық істі Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарап жатыр. Қылмыстық іс «өте құпия» белгісімен тергелген.

Қаңтар оқиғасынан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылған еді. Ал 6 қаңтарда ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметінен босатылды.

ҰҚК бұрынғы басшысы бірнеше ай қамауда болып, 25 тамызда Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама