Президент майданның алдыңғы шебінде жауынгерлерді марапаттады
Украина президенті Владимир Зеленьский Бахмут (Артемовск) қаласына келіп, украин жауынгерлеріне марапаттар тапсырды. Бұл туралы «Неміс толқыны» радиосы хабарлады.
Владимир Зеленский алдын ала жария жасалмаған сапармен Донецк облысындағы Бахмут қаласына келді, – деп хабарлады Украина президентінің баспасөз хатшысы Сергей Никифоров.
Ол бұл сапар жайында Twitter желісінде және украинның FREEДОМ телеарнасының тікелей эфирінде айтты. «Президент онда шынында болды. Қазір қайтып та кеткен болуға тиіс. Бірақ қауіпсіздік мақсатында түсіндірме беруден бас тартамыз», – деді баспасөз хатшысы.
Сәл кейінірек әлеуметтік желілерде Владимир Зеленскийдің жауынгерлермен кездесіп, награда тапсырып тұрған видеосы тарады. Бұған қоса, Сергей Никифоров Facebook-те сапардың бүге-шігесіне дейін айтып берді. Оның айтуынша, украин президенті Бахмуттың кіреберісінде РФ Қарулы күштеріне жеке құрамы қарсы тұрған «механикаландырылған бригадалардың бірінің майдандағы алдыңғы шебіне» барған.
Мемлекет басшысы командирдің жедел жағдай жайлы, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілуге және бұдан арғы іс-әрекетке қатысты ұсыныстар айтылған баяндамасын тыңдады, – дегенді қосты Никифоров.
Президент Зеленский ұрыс қимылдары жүріп жатқан ауданда болған кезінде украин жауынгерлеріне қаһармандық ерліктері үшін алғыс айтқан. Соңынан оларға мемлекеттік марапаттар тапсырған. Ордендер мен медальдарды механикаландырылған, мотожаяу әскер, таудағы шабуыл, танк, артиллерия және аэромобиль бөлімшелерінің сарбаздары алды. Соғыста қаза тапқандар 1 минуттық үнсіздікпен еске алынды.
Донецк облысының Бахмут қаласы үшін Украина Қарулы күштері мен РФ басқыншылары арасындағы кескілескен ұрыс қимылдары бірнеше айдан бері жүріп жатыр.
Украинаның Австриядағы бұрынғы елшісі Александр Щерба Twitter-дегі парақшасына: «Зеленский – Бахмутта! Тура оқиғалар ортасында жүр. Міне, ол қандай!» – деп таңдана жазды.
Украина президенті бұған дейін де бірнеше рет майданның алдыңғы шебінде болған. Ол бұл кезге шекті Харьков, Запорожье, Днепропетровск, Донецк және Луганск облыстарына ат басын бұрып, украин жауынгерлерінің позицияларын аралаған, Херсон азат етілген бойда ұшып келген.