Президент Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысын қабылдады

Динара Амантай

Қазақстан түркі мемлекеттерімен көпжақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Фото: t.me/bort_01

Президент Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиевті қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кездесу барысында мемлекет басшысы ең алдымен Кубанычбек Өмірәлиевті ұйымның бас хатшысы лауазымына тағайындалуымен құттықтап, алдағы қызметіне табыс тіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұйымның негізін қалаушы елдің бірі ретінде түркі мемлекеттерімен көпжақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екеніне тоқталып, хатшылықтың жұмысына барынша қолдау көрсететінін жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде түркі халықтарының ынтымақтастығы мен бірлігін нығайтуға арналған бірегей алаң ретінде Түркі мемлекеттері ұйымының маңызы арта түскен. Халықаралық ұйымдар мен әлемнің көптеген елдері Түркі мемлекеттері ұйымымен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейтуге ниетті.

Сондай-ақ президент ұйым хатшылығының алдында биыл қазан айында Самарқанд қаласындағы саммитте қабылданған маңызды шешімдер мен бастамаларды тиімді жүзеге асыру міндеті тұрғанын айтты.

Айта кетсек, Түркі мемлекеттері ұйымы 2009 жылы құрылған болатын. Ұйымның келесі мерейтойлық 10-шы саммиті 2023 жылы Қазақстанда өтеді.