Екібастұздағы ЖЭО-да болған апаттың себебін құзырлы органдар анықтап жатыр
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұздағы апатқа қатысты шенеуніктер жауапқа тартылатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
БАҚ өкілдері вице-премьерге «Екібастұздағы апатқа жол берген Павлодар облысының экс-әкімі Әбілқайыр Сқақов жауапқа тартыла ма? Ол қайда жүр? Жаңа қызметке тағайындалуы мүмкін бе?» деп сұрақ қойды.
Роман Скляр тексеріс жүргізіп жатқанын атап өтті.
Екібастұздағы (апат кезінде) 149 тұрғын үйге жылу берілді. Содан кейін бірінші күні 79 үйге жылу беріле бастады. Проблемалы 70 тұрғын үйде 8 күн жылу болған жоқ. Бұл апаттың себебі мен төтенше жағдайдың салдарын жою алгоритмін құқық қорғау органдары тексеріп, олар тиісті бағасын береді. Бұл апатқа қатысы бар барлық адам мен мәселені шешуді кешіктіргендер жауапқа тартылады, - деді премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Еске салайық, Екібастұздағы апаттан кейін Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қызметінен босатылды. Қызметінен кеткен облыс басшысы Екібастұздағы төтенше жағдай үшін жергілікті тұрғындардан кешірім сұрады.