«Дронға 100 шақтасы түскен». Қаракөлде аққулар қырылып жатыр
Су мен өлекселердің сынамалары әлі дайын емес
Маңғыстау облысының Қаракөл көлінде аққулар қырылып жатыр. Олардың өлексесін жергілікті блогер дронмен видео түсіргенде байқаған.
Аққулар, үйректер т.б. құстар мекендейді ғой. Соны түсіріп алайын деген едім. Барған кезде өлген аққулар көзге түсе берді. Тым көбейіп кетті. Мен ондайды бұрын көрмедім. Жағажайдың бәрі аққу өлексесіне толған. Ішімнен санап қарағанда, дронға 100 шақтасы түскен, - дейді блогер Азамат Сәрсенбаев.
Жалпы, Қаракөлге аққулар қыстау үшін ұшып келеді екен. Олардың неден өлгені белгісіз. Қазір экология департаменті мен орман шаруашылығы қызметкерлері арнайы зерттеу жүргізіп жатыр. Экологтар құстардың неден қырылғанын анықтау үшін су, ауа мен топырақтан сынама алған. Айтуларынша, әзірге ауадан аң-құсқа зиянды ештеңе анықталмапты. Ал су мен өлекселердің сынамалары әлі дайын емес.
«Қазір он шақты құсты таптық. Біздің мамандар тиісті сынаманы алды. Алдын ала мәліметке сәйкес, ауа райының күрт өзгеруі және қүстардың тиісті май жинамау себебі осындай жағдайға алып келді деп болжаймыз», - деді Маңғыстау облысы экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов КТК телеарнасына берген жауабында.