Энергетика министрі Қазақстанда электр желілерінің басым бөлігі тозғанын мәлімдеді
Елімізде 19 ЖЭО «қызыл» аймаққа енген
Елімізде электр желілерінің басым бөлігі тозған. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Энергетика министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойныша құрылған арнайы комиссия жұмысы аясында 37 жылу электр орталығының техникалық жай-күйіне талдау жүргізді. «Қызыл» аймаққа – 19, «сары» аймаққа – 11, «жасыл» аймаққа – 7 ЖЭО енді», - деді министр Үкімет отырысында.
Болат Ақшолақов электр желілерінің де тозғанын атап өтті.
Қазір Қазақстанда электр желілерінің орташа тозуы – шамамен 66%, ал Шығыс Қазақстан облысында – 81%. Биыл өткен жылмен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны 183 дерекке, өндірістік жарақаттанушылық саны 7 дерекке өсті, - деді Болат Ақшолақов.
Министр бұл мәселелерді шешу үшін жергілікті атқарушы органдар шұғыл түрде жүйелі шаралар қабылдауы керектігін айтты.
Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстанда тозығы жеткен жылу электр орталықтарын жөндеу үшін 182 млрд теңге керегін айтты.
«Қызыл» аймақтағы жылу электр орталықтары үшін күзгі, қысқы кезеңде тәуекелдерді азайту үшін негізгі жабдыққа күрделі жөндеу, реконструкциялау, жарық жүргізу көлемі айқындалды. Алдын ала деректер бойынша аталған жұмыстарды орындау үшін 182 млрд теңге керек. Бұл есеп бенчмаркинг шеңберінде жүргізілді. Электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескеріп, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеу үшін көзделген қаражат 93 млрд теңге болды», - деді министр.
Министрдің айтуынша, бүгінде электр стансаларының бекітілген тарифтер шеңберінде электр және жылу энергиясының өткізуден түсетін кірістер толық жөндеулерді орындау үшін шығыстарды өтемейді. Жеткіліксіз қаржы сомасы – 88 млрд теңге.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан бойынша дұрыс жұмыс істемей тұр 19 ЖЭО-ға қатысты тапсырма берді.