Сот үкімі шыққан соң барлығы сот залында қамауға алынды
Павлодарда алдын ала сөз байласу арқылы топ болып қыз зорлаған төрт жігіт сотталды.
Павлодар қалалық №2 сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, сот отырысы жабық есік жағдайында өтті.
Белгілі болғандай, төрт жігіт 2022 жылдың қаңтар айының ортасында ұсталған. Олардың бірі Астана қаласының тұрғыны болып шықты. 30 және 31 жастағы төртеудің әрқайсы кінәлі деп танылып, топтық зорлау ісі бойынша сотталды.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 2-бөлігі 1-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», - деді сот үкімін жариялаған Павлодар қалалық №2 сотының судьясы Қуаныш Төлебаев.
Сотталушылардың бірі алты ай қамауда отырған, кейіннен бұлтартпау шарасы үйқамаққа ауыстырылды. Ол кінәлі деп танылғандардың арасындағы жалғыз отбасылы адам, оның баласы бар екені айтылды.
Сот үкімі шыққан соң барлығы сот залында қамауға алынды.