×

Ақтөбе облысындағы жол апаты: бес оқушының жағдайы ауыр

Ақтөбе облысында жол апатынан зардап шеккен бес оқушының жағдайы ауыр

 Халық үні 20.12.2022 | 00:46
Фото: autoassa.ru

Ақтөбе облысында жол апатынан зардап шеккен бес оқушының жағдайы ауыр. Екеуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Отадан соң миын тынықтырып, екі-үш күнсіз есін жиғызбаймыз дейді дәрігерлер, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Жол апаты кезінде балалардың жанында болған жаттықтырушы да комада жатыр. Оның басы жарылып, мойын омыртқасы сыныпты. Мамандар жас жігіттің өміріне алаңдаулы. Ал оқушылар мінген көлікті жүргізген спорт мектебі директорының орынбасары қамауға алынған.

Жол апатынан жарақат алған сегіз оқушы облыс орталығындағы балалар ауруханасында жатыр. Бесеуі жансақтау бөлімінде, үш бала хирургия бөлімінде ем алуда. Дәрігерлер екі оқушыны ұйықтататын дәрі беріп, арнайы тыныс алу аппаратына қосып қойғандарын айтады. Миы тыныққан соң ғана, екі-үш күннен кейін оятпақшы. Ал оқушылардың жаттықтырушысының жағдайына ақ халаттылар алаңдап отыр. Отадан соң 21 жастағы бапкер комаға түскен. Басынан жарақат алып, жол апатынан мойын омыртқасы үзіліпті.

«Үшеуі есін жиды. Ота жасалды. Екеуі жасанды тыныс салу аппаратында жатыр. Жасанды өкпе желдеткіште оң динамика бар. Неврология, оларды медикаментоздық еммен 45 күндей ұстаймыз. Бас жарақатына тыныштық керек. Екі күн бұрын болған жол апатынан бір бала сол жерде қайтыс болған еді. Олар Ақтөбеде өтетін волейбол жарысына қатысу үшін Шұбарқұдық кентінен жолға шыққан. Спорт мектебі директорының орынбасары тізгіндеген жеңіл көлікте 11 адам болыпты. Тәртіп сақшылары жүргізуші жолда ұйықтап кеткен деп отыр», - дейді Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

«Қылмыстық іс бойынша жүргізуші қамауға алынды. ҚР ҚК 371-бабы 2-бөлігімен салғырттық және балалар мен жасөспірімдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау бойынша тергеу басталды. Жүргізуші ұйықтап кеткен», - дейді Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары Ғалым Байжанов.

Жол апатынан жарақат алған сегіз оқушының ата-анасы күні-түні аурухана есігін күзетіп жүр. Олар ауыл балаларының жарысқа қатынауы үшін ешқашан көлік қарастырылмаған дейді.

«Барлық басшы кінәлі, әкімнен бастап кінәлі. Біліп тұр, бұл жаққа ескертіліп қамтамасыз ету керек қой. Ешқандай ештеңе істеп жатқан жоқ. Мал емес қой тоғыз бала, бірден тиеп алу мүмкін емес қой. 11 адам тиеп алған жеті орындыққа», - дейді Бибігүл Кәрібаева.

Волейболдан жарыс ұйымдастырған Облыстық спорт басқармасының басшылары өздеріне шаң жуытар емес. Олар ауыл балаларының жол шығыны үшін қанша ақша қарастырылғанын да білмейді. Аймақтағы он екі ауданның тек бесеуіндегі спорт мектебінде көлік бар деп отыр. Қалғандары бұған дейін жарысқа такси жалдап жетіп отырыпты. Спорт басқармасының басшысы «Осы қайғылы оқиғағадан кейін қызметтен кетесіз бе?» деген сұраққа сол күйі жауап бермеді.

«Пікірімді айтпаймын. Мұндай жағдай бірінші рет. Бала қауіпсіздігіне спорт мектебі басшылары жауап береді. Сондықтан олармен жоспарлы жұмыс жүргізіп келеміз», - дейді Ақтөбе облысы спорт басқармасы басшысының орынбасары Евгений Гончаров.

Сенбі күні болған жол апатынан кейін Темір ауданындағы спорт мектебі басшысына қатысты да іс қозғалды. Ал облыстық әкімдік қызметтік тексеру жүргіземіз деп отыр. Оның нәтижесі қашан шығары белгісіз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама