Атырау облысында тағы бір шенеунік ұсталды

Айнұр Асылбекқызы

Белгілі болғандай, Мерей Жантөреевке соңғы уақытта іздеу жарияланған

Мерей Жантөреев, фото: azh.kz

Бүгін 10 наурыз күні Атырау облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Мерей Жантөреев ұсталғаны белгілі болды.

Еске салсақ, 10 ақпан күні бұрынғы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрқуат Нудин де ұсталды. Алайда, Нұрқуат Нудиннің ұсталуы соңғы лауазымына еш қатысы жоқ екені айтылды. Ол бұдан бұрын облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарып тұрған кезде жасалған іс-әрекеттері бойынша күдікті ретінде танылып отыр.

Сол дерек бойынша 16 ақпанда Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі әлеуметтік объектілердің құрылысына бөлінген аса ірі мөлшерінде бюджет қаражатын жымқыру дерегімен Атырау облысы бойынша аумақтық департаменті облыстық құрылыс басқармасының лауазымды тұлғалары мен «Техника-Рем строй» ЖШС басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын ресми түрде хабарлады.

Әңгіме мектеп, екі отбасылық дәрігерлік амбулатория және дене шынықтыру-сауықтыру кешені туралы болып отыр. Жантөреевтің де ұсталуы осы іске қатысты болуы әбден мүмкін.