×

«Мұнда ешкім ойнап отырған жоқ»: Еділ Жаңбыршин министрге үш сұрақ қойды

Мәселе – туристік нысандарды интернетпен қамту жайлы

 Дәурен Ерболат 19.12.2022 | 16:36
коллаж: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбиршин Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннен сұраққа нақты және түсінікті тілде жауап беруді талап етті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат министрге сұрақтарға асықпай жауап беруге кеңес берді.

«Құрметті Бағдат Батырбекұлы, сіз сұрақтарға асықпай-аптықпай, қысқа және нұсқа жауап беріңіз. Мұнда біздің уақытымызды алмаңыз. Бұл жерде ешкім ойнап отырған жоқ. Сіздерге нақты сұрақ қойылады, нақты жауап беріңіздер. Басын бастайсыз, аяғы жоқ. Адамның басын айналдырмаңыз. Парламентке келсеңіздер, дұрыстап жауап беріңіздер», - деді депутат.

Еділ Жаңбиршин туристік орталықтарға әлі интернет қосылмағанын, бұл қазақстандықтардың қауіпсіздігі үшін маңызды екенін атап өтті.

Мысалы, туристік инфрақұрылымдар. Елімізге келетін туристер көп. Туристік орталықтар салынып жатыр. Әртүрлі қорықтар мен ұлттық парктер бар. Ол жаққа көптеген адам барады. Енді сол жердегі мәселе ушығып тұр. Мұны мен неге айтып отырмын? Бұл адамның қауіпсіздігіне байланысты мәселе. Онда көлік бұзылуы, адам ауыруы мүмкін. Жалпы әртүрлі жағдайлар болуы ықтимал, - деді депутат.

Осыған байланыс депутат министр Бағдат Мусинге үш сұрақ қойды:

  • Біріншіден, Қазақстанның туристік инфрақұрылымына байланысты қандай жоспарларыңыз бар? Оларды байланыспен қалай қамтамасыз етесіздер?
  • Екіншіден, қандай қаражат есебінен? Қандай технологиялар қолданылады?
  • Үшіншіден, жақында сіз премьер-министрге осы мәселе, яғни ұлттық жоба туралы баяндадыңыз. Оның ішінде жоғарыда айтылған мәселелер қамтылған ба?

Бағдат Мусин сауалдарға нақты және қысқа жауап беруге тырысты.

«Үшінші сұрақтан бастайын. Бұл мәселелер қамтылған. Туристік нысандар 2027 жылға дейін толық интернетпен қамтылады. Ұлттық жоба талқыланып, бекітілсе, қаражат бөлінсе, туристік нысандар интернетпен қамтамасыз етіледі. Технологияға тоқталайын. Әр жерде әртүрлі технология пайдаланылады. Көбінесе 4G технологиясы немесе оптика желісі тартылмаса, спутник технологиясын қосамыз. (Интернетті қамтамасыз етудің – авт.) коммерциялық көзі болмағандықтан барлық шығын бюджет есебінен қаржыландыруға тиіс», - деді министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама