Тауық жұмыртқасына заңнамада белгіленген үстеме – 15%.
17 желтоқсанда премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен негізгі азық-түлік өнімдерін сату кезінде жүретін делдалдық схемаларды анықтау жөнінде кеңес өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жиын барысында негізгі азық-түлік өнімдерін сату кезінде жүретін делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі өңірлік комиссиялардың өткен аптадағы жұмысының нәтижелері қаралды.
Электрондық шот-фактураларды талдау қорытындысы бойынша Сауда комитеті Ақмола, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында тауық жұмыртқасына белгіленген үстемеден артық қосып сатылған жағдайларды анықтады. Айта кетсек, тауық жұмыртқасына заңнамада белгіленген үстеме – 15%.
Атап айтқанда, «Курочка ряба» ЖШС-нің көтерме сатушысы қазан-қараша айларында екі құс фабрикасынан 25 млн данадан аса бірінші санаттағы жұмыртқа сатып алған. Оның 6 миллионы 25-тен 27%-ға дейінгі сауда үстемесімен сатылған болып шықты. Өңірлерде анықталған фактілер бойынша барлық материал тиісті шаралар қабылдау үшін әкімдіктерге берілді.
Біз бизнестен мүмкін емес нәрсені талап етпейміз. Пайда таппай жұмыс істеуге болмайтынын түсінеміз. Алайда заңнама аясында жұмыс істеп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесін асырмау керек. Әкімдіктердің назарын тағы да сауда үстемесін нормадан асыру тәжірибесін тоқтату қажеттігіне аударамын, — деді Серік Жұманғарин.
Сонымен бірге кеңесте «айналым схемасы» аясында қант зауыттарын қаржыландыру бойынша жаңа тәсілдерді іске асыру процесі талқыланды. Бүгінде 10,8 млрд теңгеге қарыз шарттарын 10 өңір жасасты. Алматы, Астана, Шымкент қалалары, Жетісу, Маңғыстау, Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Ұлытау облыстары келесі аптаның соңына дейін осындай шарттарға қол қоюға дайын екендерін растады.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай фермерлерді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілерді қаржыландыру және қайта өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражатын бөлу жөніндегі жұмыстардың барысы туралы хабардар етті.
Фермерлерді көктемгі егіс жұмыстарына форвардтық қаржыландыру кейіннен тұрақтандыру қорларына көкөністерді жеткізу үшін бір жыл бұрын жүзеге асырылатын болады. 2023 жылы ерте жиналатын өнімді сатып алуға қаражат 10 қаңтарға және 1 ақпанға дейін бөлінеді. Одан кейінгі жылдары қаражат бөлу ерте егін жинау үшін 1 тамызға дейін және күзгі егін жинау науқаны үшін 1 қыркүйекке дейін қарастылмақ. Бұл механизм қазірдің өзінде бекітілген, — деді Жеңіс Өсербай.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қостанай облысында жұмыртқаны көтерме сату кезінде өзінің үстем жағдайын теріс пайдаланып, монополиялық жоғары бағаларды ұстап тұрған құс фабрикасына қатысты тергеу басталғанын хабарлаған болатынбыз.