×

Аргентина - Франция: бүгін футболдан үш дүркін әлем чемпионы анықталады

Финалда Аргентина мен Франция құрамалары кездеседі

 Дастан Жұмабекұлы 18.12.2022 | 18:04
фото: ашық дереккөзден біріктірілген

Бүгін Катарда өтіп жатқан футболдан XXXII әлем чемпионаты өзінің мәресіне жетеді. Финалда Аргентина мен Франция құрамалары кездеседі.

Кездесу Доха қаласының іргесінде осы чемпионат үшін арнайы салынған Лусаил кентінде бой көтерген өзімен аттас «Лусаил» стадионында өтеді. Ол Астана уақытымен 21:00 сағатта басталады.

Аргентина құрамасы осымен әлемнің соңғы үш чемпионатында екінші рет финалға дейін жетіп отыр. Ол 2014 жылы Бразилияда жалау көтерген мундиальдың финалында Германия құрамасымен кездесіп, овер-таймда 0:1 есебімен ұтылып қалған еді.

Франция құрамасы қатарынан екінші рет чемпионаттың финалына шығып отыр. Ол мұның алдында, 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатының соңғы ойынында Хорватия құрамасымен алтын медаль үшін таласқан. Мәскеудегі «Лужники» стадионында өткен сол ойында француздар қарсыластарын 4:2 есебімен ұтты.

Енді осы кездесуде жеңіске жеткен құрама әлемнің үш дүркін чемпионы атағын иеленеді. Бұған дейін Аргентина 1978 және 1986 жылдары, Франция 1998 және 2018 жылдары әлемнің ең мықты командасы атағын жеңіп алған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама