×

«Самұрық-Қазына» штаттан тыс қызметкерлерді жұмысқа қабылдамайды

Қорда жаңа ұйымдық құрылым бекітіліп, қызметкерлер санын 50%-ға қысқарту жұмысы басталды

 Айнұр Шошаева 10.03.2022 | 16:39
коллаж: Halyq Uni

«Самұрық-Қазына» қоры мен жаппай қысқартуға ұшыраған қызметкерлер арасында аутстаффинг негізінде келісім жасау көзделмеген. Бұл туралы Қордың баспасөз қызметі Halyq Uni тілшісінің ресми сауалына берген жауабында айтылған.

Бұған дейін Қор корпоративтік орталық қызметкерлерінің саны екі есе қысқартылатыны хабарланды. Атап айтқанда штаттық қызметтер 177-ден 124-ке дейін қысқарту, 71 аутстаффинг келісімін толық жою көзделді. Сонымен бірге, басқарушы қызметтер 10-нан 5-ке дейін, ал құрылымдық бөлімдер саны 27-ден 18-ге дейін қысқарды.

«Тиісті өзгерістер Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау шеңберінде қызметтің тиімділігі мен ашықтығын арттыру мақсатында «Самұрық-Қазына» АҚ реформалау жөніндегі бағдарламаны іске асыруға байланысты болып отыр. «Самұрық-Қазына» корпоративтік университеті» ЖМ-мен персоналдың аутстаффингі бойынша шарт 2022 жылғы 28 ақпаннан бастап бұзылды, жаңа шарттар жасау жоспарланбаған», - делінген жауабында.

Сонымен бірге, портфельдік компанияларға қолданыстағы заңнамаға және өндірістік қажеттілікке сәйкес корпоративтік орталық қызметкерлерінің санын қысқарту бойынша шаралар қабылдау ұсынылғанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта Қордың «ҚазМұнайГаз» және «Қазақстан темір жолы» сияқты портфельдік компаниялары осындай шараларды қабылдады. Бұл ретте портфельдік компанияларға өндірістік персоналдың жалақысын салалық орташа көрсеткіштерге дейін арттыруды қамтамасыз ету ұсынылды», - деп толықтырды баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, 25 қаңтарда «Самұрық-Қазына» қоры портфельдік компанияларға сатып алуларға жауапты барлық басшыларды заң талаптарына сәйкес қызметінен босатып, Қор тобына репутациялық әрі жемқорлық қауіп төндіретін барлық қызметкерлерді жұмыстан босату туралы кеңес берілгенін мәлімдеді. Соған сәйкес, портфельдік компаниялар бірқатар қызметкерлерді қысқартатынын жеткізді («ҚазМұнайГаз» – 78 адам,  «Қазақстан Темір Жолы» - 32 адам және басқалар).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама