Запастағы офицерлер 2 жылға әскери қызметке шақырылады
Жалпы құжатқа сәйкес, 345 офицер әскери қызметке шақырылады
Қазақстанда 2023 жылы әскери қызметке жарамды, әскери борышын өтемеген запастағы офицерлерді шақыру жоспарланып отыр. Үкімет қаулысының жобасы «Ашық НҚА» сайтында жарияланды.
«Әскери қызметке жарамды және оны өтемеген запастағы офицерлер 2023 жылы заңда белгіленген тәртіппен 24 ай мерзімге әскери қызметке шақырылсын, офицерлік лауазымдарға сәйкес мөлшерде әскери қызмет өткерсін», - делінген құжатта.
Жалпы құжатқа сәйкес, 345 офицер әскери қызметке шақырылады:
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері – 260,
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі – 60,
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі – 16,
Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы – 9.
Жоба 2022 жылдың 27 желтоқсанына дейін қоғамдық талқылауда болады. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.