Қабанбай батыр жерленген болуы мүмкін жер анықталды
Қабанбай батырдың шын аты - Ерасыл. Ерлігі мен батырлығы үшін ел оны Қабанбай батыр атаған.
Қабанбай батыр жерленген болуы мүмкін жер анықталды. Ол Ресейде орналасқан. Бұл туралы ұлы қолбасшының 330 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды, деп хабарлайды Хабар24.
Конференцияға қатысушылардың зерттеуші Серікбосын Сайдағалидың сөзіне сілтеме жасай отырып айтуынша, Ресейдің географиялық аймағы бейнеленген 18-ғасыр картасында Қабанбай батыр соңғы жылдары өмір сүрген және жерленген деген ұлыс көрсетілген.
Телеарнаның дерегінше, десе де, ғылыми ортада Қабанбай батырдың жерленген жері туралы бірнеше нұсқалар бар. Біреулер оны Астанадан 30 шақырым жерде, енді біреулер Қызылорданың тұсында жерленген дейді. Тіпті, оның бейіті Қытайда дейтіндер де табылады. Ал батырдың сегізінші ұрпағының өз уәжі бар.
«Мен Қабанбай батырдың тікелей ұрпағымын. Сегізінші буын өкілімін. Сондықтан мен нақты білемін. Біздің ата-бабамыздан, ауыздан ауызға тараған дерек бойынша батырдың жатқан жері Шығыста – Алакөлдің жоғарғы жағасы, Жоңғар қақпасының сол жағында», - дейді Қабанбай батырдың ұрпағы Ұлықпан Сыдықов.
Айта кетейік, Қабанбай батырдың шын аты - Ерасыл. Ерлігі мен батырлығы үшін ел оны Қабанбай батыр атаған. Абылай хан заманында оның дарабоз батыр даңқы шыққан. Ол 15 жасында жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен. Атақты батыр 103 рет шайқасқа қатысып, үнемі жеңіске жеткен. Соңғы жекпе-жекке 78 жасында, қайтыс боларының алдында шыққан.